Құқық қорғау органдары

Жеңіл ақша таппақшы болған қос жас бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Петропавлда 32 жастағы азамат пен 19 жастағы студент қыз синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Қолда бар ақпарға сүйенсек, қылмыстық істің себепшісі қаршадай ғана нәзікжанды екен. Заңның ала жібін аттағандарды тәртіп сақшылары бірден құрықтаған.

– Так, наблюдаем, да? С правого кармана свёртки, завёрнутые в изоленту синего цвета. Три, четыре, пять.

Тәртіп сақшылары қылмыскерлерді ер адамға тиесілі «Mercedes» автокөлігінде ұстаған. Тінту барысында 30 дана синтетикалық есірткі тәркіленген. Ал тергеу жұмыстары кезінде тағы зиянды заттың 72 түйіншегі табылған.

ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

– Зиянды заттар ұсталғандардың тұрғылықты жерінен де табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 129 грамға жуықтайды. Ол мефедрон синтетикалық есірткісі болып шықты. Күдіктілер ҚР ҚК 297-бабының 3-ші бөлімі бойынша бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Айта кету керек, есірткіні аса ірі мөлшерде таратқан жандар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Нұрасыл Ахмет