Қоғам

Петропавлда жүкті әйел суши жеп уланып қалған

Оксана Кошелева – болашақ ана. Ол жүктіліктің 9-шы айына аяқ басты. Нәзікжанды жақында болған жағдайды есіне алғысы келмейді. Ол фастфуд жеп, уланып қалыпты. 14-ші қараша күні кешке қарай бургер мен сушиға тапсырыс берген. Тамақтанған соң ұйқыға жатыпты. Біраз уақыттан кейін қатты қиналған.

ОКСАНА КОШЕЛЕВА, қала тұрғыны:

– Негізі, жегеннен кейін жайсыздықты сезіндім. Басында аса қатты ауырмадым. Көзім ілініп, шырт ұйқыда жатқан жерден ауырып ояндым. Құстым. Түн ішінде өзімнің гинеколог дәрігеріме жаздым. Ол бірден бұның барлығы улану екенін айтты. Таңға дейін әрең дегенде шыдадым. Соңында жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түстім.

Ең сорақысы, көп жағдайда осындай жәбірленушілердің құқығы қорғалмай қалады. Яғни, адамды ауыруға жеткізген жауаптылар жаза арқаламайды. Мысалы, жүкті Оксана мен оның жолдасынан фастфуд сатқан орталық жай ғана кешірім сұрапты.

ОКСАНА КОШЕЛЕВА, қала тұрғыны:

– Кейін біз оларға хабарластық. Орталық өкілдері кешірім сұрап, мәселені жылы жауып қоя салды. Ешқандай өтемақы жасамады. Артынша Петропавлда тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қауымдастығы бар екенін білдік.

Оксана Кошелева орталыққа жүгінген бірінші адам емес. Жыл басынан бері қауымдастыққа тамақтан уланған 250-ден астам адам шағым жолдаған. Ал ақыл-кеңес сұрағандардың саны бұдан айтарлықтай көп.

НАДЕЖДА ДУБОВАЯ, “СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ассоциациясы” ҚБ төрайымы:

– Хабарласатын адамдардың саны өте көп. Олар әртүрлі жағдайға тап болады. Өкінішке қарай, өңірде өлім де тіркелді. Тұшпараның кесірінен бүтін бір отбасы уланып қалды, балалар дүниеден өтті. Жәбірленушілердің құқықтары қорғалмайды. Кейбір кәсіпкерлер зардап шеккен тарапқа ақша ұсынып, мәселеге нүкте қоя салады.

Жазылған шағымдардың барлығы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберіледі. Мекемеге хабарласып көрдік. Баспасөз қызметкері тамақтың сапасына ғана бақылаймыз, бұл жағдай оған жатпайды деп айтты. Осы орайда айта кеткен жөн, орталыққа келіп түскен шағымдардың 70 пайызы тұрмыстық техникаға қатысты болса, 15-ы коммуналдық қызметтерге байланысты.

 

Мәдина Қаби