Мұқағали Мақатаевтың “Шеше, сен бақыттысың” өлеңін мәнерлеп оқып тұрған – Ақтаң Халдәулетов. Сонау Ақтаудан арман қуып келген студент әйел затына құрметпен қарайды. Петропавлда “Ақ лента” акциясы өтетіндігін естігенде бірден қатысуға шешім қабылдаған. Жас та болса түсінігі терең бозбала қыз-келіншектердің отбасылық өмірде қайғы шекпегенін қалайды.
АҚТАҢ ХАЛДӘУЛЕТОВ, Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:
– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көп тіркеледі. Оны интернеттен, жаңалықтардан жиі көреміз. Әйел адамдар ешкімнен қорықпауы қажет. Мәселені заңмен шешкендері дұрыс. Қыз балаларды ата-бабамыз сыйлаған.
Өкінішке қарай, бес саусақ бірдей емес. Қоғамда қосағын еркелетпеу түгілі сабырлы күйде сөйлесе алмайтын еркектер бар. Мұндай қарым-қатынас әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа алып келуі әбден мүмкін. Жұдырық пен тепкіге тосқауыл қою үшін облыс орталығында арнайы шара ұйымдастырылды. Оның қатысушылары көшедегі адамдарға шар ұсынып, кеуделеріне ақ лента тақты, өзекті мәселенің алдын алу жолдары төңірегінде әңгіме қозғады.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
– 2024 жылдың 11 айының ішінде зорлық-зомбылық саласында 62 қылмыс тіркелді. Ал 10 айда 1972 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 470 адам қамалды.
Қоса кетейік, 1999 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні деп жариялады. Петропавлдағы акция 16 күнге созылады, яғни желтоқсанның 10-шы жұлдызында мәресіне жетеді.
Байболат Құлтанов