Мәдениет

Креативті орталықта – креативті шара

Креативті орталықта – креативті шара. Солтүстікқазақстандықтар Станислав Алерттің туындыларын жоғары бағалайды. Себебі, өнерлі азамат өзінің шеберлігімен тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленген. Кеше Петропавлда шығармашыл жанның кезекті көрмесі өтті. Көрмеде ортаға граффитилер қойылды. Әр суретке қарасаң, түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Егер үңілсең ішінде біршама мән-мағына жатыр. Әр туындысынан шабыт аласың.

СТАНИСЛАВ АЛЕРТ, суретші:

– Бұл өмірде алдыңнан қанша кедергі шықса да мойымау қажет. Мен өз жолымды өнерден таптым. Мақсатым – өзімнің туып өскен өлкемде сурет өнерін дамытқым келеді. Көбіне адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін туындыларға мән беремін. Кейде табиғатқа, адамның көңіл күйіне қарап шабыт аламын. Бір суретті бірнеше ай салған кездерім де болған. Болашақта өзімнен асып түсетін шәкірт тәрбиелегім келеді.

Сегіз қырлы, бір сырлы жан өзінің жетістігінің себепшісі әжесі екенін айтты.

СТАНИСЛАВ АЛЕРТ, суретші:

– Мен әжемнің арқасында осындай жетістікке жеттім. Ол маған кішкентай кезімнен мотивация беріп келеді. Өзі шығармашылыққа жақын адам. Маған көп көмектесті. Қиналған кезімде бірге отырып талай сурет салдық. Өнерді тастап кеткім келген кездер де болған. Сол қиын сәттерде маған ақылын айтып, жол көрсетті.

Шынымен де, ілулі тұрған суреттердің барлығы ерекше. Оны байқамау мүмкін емес дейді келгендер.

Көрмеде барлығы – 40-қа жуық туынды паш етілді. Әсем туындылардың жартысынан көбі сатылып кетті. Жиналған қаржының барлығы қайырымдылыққа жұмсалады.