Родион Фридрих – өзінің кәсіби мансабын қаламыздағы Киров атындағы зауыттан бастауды жөн көрген жас маман. Ол мұнда алғаш рет Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде оқып жүрген кезінде болыпты. Оқу ұясында «Электрмен жабдықтау»мамандығы бойынша білім алған. 1 айдан сәл аса уақыт бұрын қатарға қосылған жерлесіміз кәсіпорынға тез үйреніп, ұжымға оңай сіңісіпті. Болашақта лауазымдық сатымен еркін басып, саланың майын ішкен маман атанғысы келеді.
РОДИОН ФРИДРИХ, 3-разрядты электр слесарі:
– Жұмыс бірден ұнады, маған өте қызықты болды. Қазір өзімнің ісімді жақсы білемін. Әр түрлі аспаптарды, конструкцияларды, байланыс құрылғыларын жинаймын. Әріптестерім – тамаша жандар. Көп көмектесті, әлі де қолдау көрсетеді. Бір орында тұрып қалғым келмейді. Қайтадан біліктілікті арттыру курсына жазылдым. Студент болып табыламын. Алдағы уақытта менде «Энергиямен жабдықтау» біліктілігі болады.
Родион – талантты, жауапкершілігі жоғары және кез келген адаммен тіл табысатын жігіт. Әріптестері жас маманға осындай баға беріп отыр. Петропавлдық азаматтық және мамандандырылған өнімдерді өндірудің ерекшеліктерін белсенді зерттейді екен. Тәлімгерлерінің айтқандарын тыңдайды. Осы қасиетінің арқасында жерлесіміз қазір қасындағы адамдарға кеңес беретін, үйрететін болған
АЛЕКСАНДР БАБЫКИН, құрастыру-монтаждау учаскесінің шебері:
– Родион өзін жақсы маман ретінде көрсетіп үлгерді. Жұмысқа енді ғана кірісті деп айтпайсың, барлығын үйреніп алды. Бұл оның білімі жеткілікті екенін көрсетеді. Зауытқа осындай жастардың келгені, олардың күрделі тапсырмаларды қанағаттанарлық дәрежеде орындай алатындары қуантады. Жасыратыны жоқ, қазір жастар жұмысшы мамандықтарға аса құлшыныс танытпайды. Бұған зор мәселе ретінде қарау керек. Өндіріс саласын ақсатуға болмайды.
Өндіріс саласын ақсатпау үшін жалынды жастар цехтарда күн-түн демей тер төккендері жөн. Бұл тұста Киров атындағы зауыттың тәжірибесін ескеру қажет. Кәсіпорын болашақта кадр іздемес үшін 2 студентті жұмысқа алыпты.
Байболат Құлтанов