Қоғам

Жастар арасында эстафеталық ойын ұйымдастырылды

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні. Осыған орай қалалық жастар ресурстық және ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі орталықтарының өкілдері бірлесіп эстафета ұйымдастырды. Мақсат – жастарды зиянды дүниелерден алшақтатып, спортқа баулу. Оксана Рогачева жергілікті жоғары оқу орнының 3-ші курсында оқиды. Бұрымды өзі спортпен айналысады. Айтуынша, мұндай шаралардың жастар үшін пайдасы зор.

ОКСАНА РОГАЧЕВА, студент:

– Мен дене шынықтыру пәні мұғаліміне оқиып жатырмын. Спорт десе, ішер асымды жерге қоюға әзірмін. Негізі, осындай спорттық шараларды жиі өткізу керек. Жастарға ұнайтындығын олардың қатысу белсенділіктерінен байқауға болады.

Эстафетаға университет пен колледж студенттері қатысы жатыр.
10 адамнан үш командаға бөлініп ойнаған жастар түрлі кедергілерді еңсерді.

Жүгіріп, денелерін қыздырған жастар сұрақтарға жауап берді. Тақырып – ЖИТС. Болашақ маман иелері аталған дерттің алдын алуға қатысты пікірлерін білдірді. Мамандар кейінгі ұрпақ ғасыр дерті жайлы неғұрлым көбірек білсе, соғұрлым сақ жүреді дейді.

ҚАРЛЫҒАШ АҚЫНОВА, ЖИТС профилактикасы және қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығының меңгерушісі:

– Жастар ЖИТС ауруының қауіп-қатері жайлы білуі керек. Аталған кеселден алшақ болудың бірден-бір жолы – спортпен айналысу. Спортпен тұрақты түрде шұғылданатын адам өмір құндылықтарын жақсы түсінеді, өмірдің теріс бағытын таңдай қоймайды.

Эстафеталық ойынында жеңіске жеткен команда кубокпен марапатталды.