Аққайың ауданында азаматтары арақ ішпейтін ауыл бар.
Ол – Дайындық. Елді мекен тұрғындарының түгел ішімдік атаулыдан бас тартқандарына 2 жылдан асқан. Игі қадамның нәтижесі зор.
Содан бері мұнда бірде-бір ауыр қылмыс, ұрлық-қарлық және отбасылық жанжал тіркелмеген.
ЗАРИНА АЮПОВА, ауыл тұрғыны:
– Елді мекенде ешкім ішімдік сатпайды, ішпейді. Бәрі өз жұмысымен айналысады. Ауыл тыныш, ұрлық болмайды, жанжалқойлар да жоқ. Оған көшіп келгелі көз жеткіздім.
Ауыл тұрғындарын негізінен жұмыспен қамтып отырған – “Дайындық” серіктестігі. Жергілікті инфрақұрылым бойынша да жағдай жасап отырған – осы ұйым. Ішімдіктен бас тарту бастамасы да басшысы Біржан Шаймерденовке тиесілі.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, «Дайындық» ЖШС директоры:
– Қазір бізде 120 шақты адам жұмыс істеп жатыр. 80-нен астам үй бар. 315 адам тұрады ауылымызда. Ауылымыз өсіп келеді жылдан жылға, мектепте де 70 астам бала оқып келе жатыр. Балабақшада 20 шақты бала бар. Бізде 120 адам жұмыс істейді, әлі де жұмыс орындары салынып жатыр ғой, ертең олар да ашылады.
Дайындық ауылы Ленин ауылдық округіне кіреді. Мұндағы тәртіпті тәжірибелі тәртіп сақшысы Әди Мұқжанов қадағалайды. Бөлім бастығы Алмат Ғалиевтің айтуынша Дайындықта заң бұзылмайтындықтан еңбек ету де оңай.
АЛМАТ ҒАЛИЕВ, Аққайың ауданы полиция бөлімі ЖПҚБ бастығы:
– Бұл ауылда арақ сатылмайды. Ауыр қылмыстар жасалмаған. Мұнда учаскелік полиция инспекторы Мұқжанов Әди деген жұмыс істейді. Біздің ең үздік Аққайың ауылы. Профилактикалық жұмыс мұнда тек интернет-алаяқтық бойынша жүргізіледі. Ауыр қылмыстар, әкімшілік құқық бұзушылықтар саласынан мұнда ештеңе тіркелген емес.
Полиция қызметкерлері Дайындық ауылын өзге елді мекендерге үлгі ету керек дейді. Өйткені, арақтан ада болу криминогендік жағдайды жақсартуға ықпал етеді.
Данаш Хамза