Қоғам

Тағдыр тауқыметіне мойымаған өнерлі жан

Аққайың ауданында екі қолы еңбекке жарамсыз болса да сурет салатын азамат бар. Оның есімі – Сергей Крохин. Шығармалары кәсіби суретшілерден кем түспейді. Оны біз мына көз сүйсіндірер туындыларынан байқай аламыз.

СЕРГЕЙ КРОХИН, суретші, Аққайың ауданы:

– Ауруға шалдыққаннан кейін қатты құлазып кеттім. Өмірден түңілдім десем де болады. Бірақ, мені сол қиындықтардан алып шыққан – осы өнер. Сурет салу арқылы өзімді жұбатып жүрдім. Басқа әлемге кіріп кеткен сияқты болатынмын. Шынымды айтсам, ел қатарлы жұмыс істегім келеді.

Азаматтың шығармашылыққа деген құштарлығы бала кезінен оянған. Кішкентай кезінде балалар аулада доп теуіп жүрген кезде аққайыңдық шебер өзін өнерден іздеген. Сергей Крохиннің айтуынша, егер ынта болса, кез келген салада жетістікке жете аласың.

СЕРГЕЙ КРОХИН, суретші, Аққайың ауданы:

– 3 жыл Ленинград қаласында әскери-теңіз күштерінде борышымды өтедім. Кейін Қазақстанға келіп қызмет еттім. Әскердегі командирлерім менің суретші екенімді көріп, құпия бөлімге жұмысқа алды. Небір құпияларды білдім. Әлі күнге дейін ешкімге айтпай келемін. Шынымды айтсам, қатарластарымнан гөрі маған жақсы жағдай жасалды. Сол кездің өзінде шығармашылықтың маған пайдасы тиді.

Өнерлі азамат негізінен портреттік жанрға ден қояды. Мультфильм кейіпкерлерінің сұлбасын салады. Табиғатты да бейнелейді. Қылқалам шеберінің шығармаларына сұраныс көп. Кейде арнайы тапсырыстар да түсетінін айтады. Кәсіби суретшілер де Сергей Крохиннің туындыларын жоғары бағалаған. Талантты адам барлық жағынан талантты болады. Сергей сурет салудан бөлек, өлең оқығанды ұнатады екен.

Сергей Крохин Смирноводағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өзінің жеке бөлмесі бар. Кабинет ішіндегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қылқалам шеберіне мұндай жағдайды “АРДОС-Жүрек” заңды тұлғалар бірлестігі жасап берген. Айта кету керек, аталған ұйым биыл “Керек жандар” атты жобаны іске қосты.

АҚЖАН КӘРІМ, “АРДОС-Жүрек” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры:

– Бұл жоба арқылы біз мүгедек жандарға көмектесеміз. Кейбірін жұмысқа орналастырамыз. Себебі, олар ешқашан назарсыз қалмауы тиіс. Аталған бастама аясында біз Сергей Сергеевичтің өмірбаяны жайында видеоролик түсірдік. Азамат – көпке үлгі. Қаншама қиындықты бастан өткерген. Оған қарап басқа да мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырмай, өздеріне ұнайтын іспен айналысады деп ойлаймын.

Аққайыңдық қылқалам шебері болашақта өзінен асып түсетін шәкірт тәрбиелегісі келетін жеткізді.

 

Нұрасыл Ахмет