Астана қаласында Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай “Жан Шуақ” қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл сыйлық қоғамдық қызметте ерекше нәтижеге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға ғана беріледі. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан салтанатты шарада 90-ға жуық адам марапатталды. Соның ішінде ашық дауыс нәтижесінде 8 лауреат анықталған. Соның бірі – солтүстікқазақстандық «Sensitive» би театры. Өнер ұжымы «Мәдениет саласындағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, бишілер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА, «Sensitive» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
– Біз ұжымымызбен осындай дәрежеге жеткенімізге қуаныштымыз. Осы ретте «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мүшелері мен шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазіргі таңда біздің би ұжымында 40-қа жуық өнерпаздан құралған 3 топ бар.
Мәдина Қаби