Ел қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызы бізде өсіріледі. Оны бірнеше жыл рекордтық көрсеткіштермен дәлелдеп келе жатқан теріскейлік шаруалар биыл да сол межені еңсерді. Бастырылған сары алтынның көлемі 6 млн тоннадан асады. Оған солтүстікқазақстандық диқандардың әрқайсысы өз үлесін қосты. Бүгін Петропавлда ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне арналған ауқымды шара өтті. Салтанатты жиынның шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған азаматтарға бас иіп, алғыс айтамыз. 15-қарашада СҚО делегациясы Мемлекет басшысының төрағалығымен Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты. Президент еліміз аталған салада әлемде лайықты орын алатынын атап өтті.
Өңірімізде ауыл шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Бүгінгі салтанатты шарада саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар марапатталды. Құрметке бөленгендердің саны – 36. Соның бірі – “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігінің директоры Александр Фадеев. Белгілі теріскейлік диқанға екінің біріне беріле бермейтін “Құрмет” ордені табысталды.
АЛЕКСАНДР ФАДЕЕВ, “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
– 20 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы саласында қызмет етемін. Мемлекеттің қолдауының арқасында біртіндеп дамып келеміз. Биыл сүт-тауарлы фермасын аштық. Жалпы, серіктестігіміз 24 мың гектар аумаққа дән себеді. Биыл жақсы өнім алдық. Шаруашылықта 160-қа жуық адам қызмет етеді. Алып отырған марапатыма сол кісілердің қосқан үлесі зор. Қаншама жылғы еңбегім еленді. Алғысым шексіз.
Кәсіби мерекелерінде облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандардың саны 10-ға жуықтайды. Облысымыздың аграрлық саласын дамытуға қосқан олардың да еңбектері өлшеусіз. Өмірбек Исенов – “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігінің комбайншысы. Рөл тізгіндеп жүргеніне 20 жылдан асқан. Азамат еңбегі еленгеніне дән риза.
ӨМІРБЕК ИСЕНОВ, “Атамекен-Агро-Тимирязево” ЖШС комбайншысы, Тимирязев ауданы:
– 24 мың гектар аумаққа дән септік. Жақсы өнім алдық. Гектарына 18 центнер.
Айтулы жиында 7 бірдей теріскейлік ауыл шаруашылығы министрлігі атынан “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Ал ауыл шаруашылығы министрінің атынан “Құрмет грамотасы” тағы сонша теріскейлікке табысталды. Ондай құрметке бөленгендердің бірі – Әлия Сүлейменова. Нәзікжанды қазіргі таңда Тайынша ауданындағы “Memolux” элеваторында директордың орынбасары болып қызмет етеді.
ӘЛИЯ СҮЛЕЙМЕНОВА, “Memolux” ЖШС директорының орынбасары, Тайынша ауданы:
– Элеваторда еңбек етіп келет жатқаныма 26 жыл болды. Серіктестікте 80-нен астам адам жұмыс істейді.
Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.