ТЖ

Дмитрий Растихин: “Дабыл датчигі – өмірдің кепілі”

Бұл – бүгін ғана Батыс Қазақстан облысында орын алған жағдай. Көпқабатты үйдегі пәтер отқа оранды. Осы сәтте іште 2 бала қалған. Амалдың жоқтығынан олар 4-ші қабаттың терезесінен төменге секірді.

Абырой болғанда 2 бала да аман, олар ауруханаға жеткізіліпті. Айтқымыз келетін жайт, біздің өңірде өрт оқиғалары жиілеп кетті. Оттың салдарынан 30-ға тарта адам көз жұмды. Бұл тұрғыда былтырғы деңгейге жетіппіз.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері облыс аумағында 346 өрт болды. Салдарынан 29 адам ажал құшты. Былтырғы 12 айдың ішінде осынша жаннан айырылсақ, ал биыл 10 айда өткен жылғы статистиканы қайталадық. 34 тұлға жарақат алды. Өткен жылы 24 адам зардап шеккенін айта кетуіміз қажет. Яғни, мұнда 42 пайыздық өсімді көреміз.

Облыста ыс тию жайты да тыйылмай тұр. Ағымдағы жылы иіс салдарынан 5 адам өмірмен қоштасқан. Ал 21 азамат жарақат алыпты. Брифинг барысында Дмитрий Растихин қауіп сезілгенде бірден дабыл қағатын датчикке тоқталды.

Оңай орнатылатын датчикті кез келген адам сатып ала алады. Құрылғы 3 пен 5 мың теңгенің аралығында тұрады.