Қоғам

Волонтерлер жалғызбасты нәзікжандыға көмектесті

Любовь Жабинаның жасы 87-де. Жалғызбасты нәзікжандының Ойқала ықшам ауданында тұрып жатқанына біраз жыл болған. Үй жұмыстарын өзі жалғыз істейді, кейде көршілері келіп көмектеседі екен. Бірақ, есік алдындағы қалың қарды тазалауға шамасы жетпейді. Бүгін қарияның үйіне волонтерлер келіп, көмек қолын созды.

ЛЮБОВЬ ЖАБИНА, қала тұрғыны:

– Үй шаруасын өзім-ақ атқарғым келеді. Қарттық келіп қауқар қалған жоқ. Қар күреп, отын тасу қажет болса, волонтерлерді шақырамын. Жалындаған жастар бұл жұмысты әп-сәтте тындырады. Қыздар жағы үй ішіндегі шаруаға кірісіп кетеді. Өздері ұйымшыл әрі мейірімді. Сырттарынан қарап осындай қайырымды жастардың барына шүкіршілік етемін.

Кейуананың үйінің алды қар жауғалы тазаланбапты. Қолдарына күрес ұстаған 10-ға жуық адам ат аунайтын аумақты жарты сағаттың ішін тып-типыл етті. Жиналған қар орамның сыртына шығарылды. Кейін көше тазалап жүрген көлік жиектегі ақ ұлпаны жинай кетеді. Бұл – волонтерлер үшін үйреншікті іс. Ұйымшыл жастар үй иесін әуреге салмай, қар тазалайтын күректі де өздерімен бірге ала келеді екен.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз қыс бойы қар тазалаймыз. Бұл – еңбек әрі көмек. Жалғыз тұратын қарияларға суын әкеп береміз, отынын да тасимыз. Көмекке мұқтаж жанның көзінен ырзалықты көргенде бір марқайып қаламыз. Адамның бір сөз алғысы бізді қайырымды істі көбірек жасауға құлшындырады. Бір күнде 4-5 үйде боламыз.

Жыл басынан бері белсенді жастар 400-ден астам жалғызбасты жанға көмектескен.

 

Мәдина Қаби