ТКШ

Смирновода халықты ауыз сумен қамту бойынша маңызды жоба аяқталуға жақын

Смирново ауылының тұрғындарын ауыз су мәселесі толғандырады. Нақтырақ айтсақ, кей кезде тіршілік көзі тамшылап ағып, дүйім жұрттың еңсесін түсіреді. Бұл проблема біраздан бері айтылды, ақыры шешімін табатын болды. Бүгінде аудан орталығында миллиардтап ақша бөлінген аса маңызды жоба жүзеге асуда.

Мыңдаған халқы бар ауылда әрқайсысы 300 текше метрді құрайтын 2 бірдей су цистернасы пайда болады. Тіршілік көзі жүретін құбырлар да ауыстырылады. Мамандардың сөзінше, бұрынғы желілер мен құдықтар әбден тозыпты.

ДАНИЯР ҚАПАШЕВ, Аққайың аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бұл жоба 2022 жылы қолға алынды. Жоспар бойынша ауыл ішіндегі 125 шақырым құбыр жаңасына ауыстырылады. Бүгінде 84 км өткізілді. Олардың диаметрі әртүрлі. Сонымен қатар, Смирновода 654 құдық пайда болады. Соның 475-і қойылды. Айта кетерлік тағы бір жайт, аудан орталығындағы әрбір үйге тіршілік көзі кіргізіледі. Бұл – баршамыз күткен өзгеріс.

Ауқымды жұмысқа бірнеше бригада жұмылдырылған. Олардың бір бөлігі ауыл ішіне құбыр өткізіп жатса, екінші жартысы цистерналар тұратын аумаққа бетон құюда. Жауған қар, сүйектен өтер суыққа қарайтын уақыт жоқ. Көзді-ашып жұмғанша жобаны тапсырар күн де жетеді.

ДАНИЯР ҚАПАШЕВ, Аққайың аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Жобаға тартылған адам саны 40-қа жуықтайды. Мердігер – өскемендік компания, ал техникалық бақылаумен қызылордалық фирма айналысады. Жоба авторына келсек, жұмыс барысын шымкенттік ұйым әзірледі. Техника жеткілікті. Қазылған жерлер тегістеледі, бұл мәселені алдын ала талқыладық. Жоба келесі жылы аяқталады.

Құбыр ауыстыру дегенде көз алдымызға қазу жұмыстары келеді. Бұл тұрғындардың жүріп-тұруына айтарлықтай кедергі келтірері түсінікті. Іске жауапты мамандар осыны ескеріп, ерекше тәсілді таңдаған екен.

АЛЕКСАНДР ПРОКОПЬЕВ, прораб, Петропавл қаласы:

– Біз көлденең бұрғылау әдісі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде құбырлар Горький мен Щербаков көшесі бойында өткізілуде. Әрқайсысында 200 метрден қалды. Су желісімен шектеліп қалмаймыз. Цистерналарға орын дайындаймыз. Әр құдықтың ішінде монтаж жұмыстары да жүргізіледі. Сол біздің міндетіміз болып табылады. Істің қарқыны жаман емес, жұмысшы тапшылығы сезілмейді.

Маман жеткілікті, қаржыландыру тұрғысында да мәселе жоқ екен. Демек, аққайыңдық ағайын келер жылы су іздеп сабылмайды. Бұл күнді жерлестеріміз асыға күтіп отыр. Барлығының тілегі бір – жұмыстың сағызша созылмауы.

– Жұмыс жүріп жатыр. Мамандарды күнде көреміз. Шаруа көпке созылмай аяқталса екен.

– Ауылда су жоқ деп айтпаймын. Бар, бірақ кей кезде қысымы төмендеп кетеді. Мәселе шешіледі деп сенемін.