Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасында 93 млрд теңгелік меморандумға қол қойылды

Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Шэньси провинциясында ресми іс-сапармен болды. Ең алдымен өңір жетекшісі аталған аймақтың губернаторы Чжао Идэмен ресми кездесу өткізді. Жиында өзара серіктестікті дамыту жайында сөз қозғалды. Қос тарап “Чан-Ба” халықаралық портымен сауда байланысын кеңейту бойынша меморандумға қол қойды. Содан соң теріскейліктер Сиань қаласындағы бірқатар өндірістік нысанды аралады. Олар ең алдымен сауда-логистикалық компаниясы мен халықаралық порттың қызметімен танысты. Кейін аймақ басшысы Aiju компаниясына барды, басшысы Цзя Хэймен жүздесті. Айта кетуге тұрарлық қуанышты жайт, аталған өлкеде СҚО өнімдерінің орталығы ашылды. Себебі, аспан асты елінде де теріскейлік табиғи таза өнімдер жоғары бағаға ие. Өндіріс орны алдағы уақытта облыс аумағында бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Олардың ішіне агропарк, жел электр станциясы, ет өңдеу зауыты, логистикалық орталық кіреді. Бұл жобалар бойынша да 93,5 млрд теңгелік келісімге қол қойылды. Оның 5 жарым млрд теңгесі жергілікті “Атамекен-Агро” мен “ФамСам” компаниясы арасында элеватор қондырғысын жасауға бағытталмақ. Ғауез Торсанұлы іс-сапар барысында Янлин қаласындағы Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің заманауи жылыжайының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған оқу ордасында білім алып жатқан қазақстандық докторанттармен кездесті.

 

Нұрасыл Ахмет