ТЖ

СҚО-да “Қыс-2024” республикалық оқу-жаттығу жиыны басталды

Қызылжар ауданы Соколовка ауылында “Қыс-2024” атты оқу-жаттығу жиыны өтті. Шарада кез келген сәтте адам өмірін құтқаруға сақадай сай тұратын құтқарушылар сыналмақ. Дәстүрлі шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев пен ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов арнайы келіп, қызылжарлық төтеншеліктердің дайындықтарын тексерді.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– Оқу-жаттығу жиынын жиі ұйымдастырған дұрыс. Себебі, мұндай шара арқылы мамандар сын сәтте қалай әрекет ету керектігін үйренеді. Оқыс орын алатын апаттық жағдайларда төтеншеліктер әрдайым дайын болулары керек. Жайсыз жайттардың алдын алу, адам шығынын болдырмау – басты назарда. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта тағы да басқа аудандарға баратын боламыз. Олардың да дайындығын тексереміз. Көңіл толмаған сәттер болса, ескерту жасап, дұрыстауға тырысамыз.

Жыл сайынғы дәстүрлі шараға жергілікті атқарушы орғандар мен азаматтық қорғау құрылымдары тартылған. Құтқарушылар Қызылжар ауданында мына сценарий бойынша әрекет етті. Соколовка ауылының тұсында кетіп бара жатқан көліктен өрт шықты. Ішінде адам қалып қойған. Мамандар көліктің есігін бұзып, адамды аман-есен алып шықты. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ал басқа төтеншеліктер отқа оранған машинаны сөндірді.

Оқу-жаттығу жиынына ат терлетіп Ресейдің Түмен облысынан төтеншеліктер келген. Көршілес елдің мамандары шараға 3 техника мен 7 адам әкеліпті.

ВЛАДИМИР ЗАКУТАЕВ, Түмен облыстық ТЖБ бастығының орынбасары, РФ:

– Қазақстандық төтеншеліктермен күн сайын ұялы телефон арқылы тілдесеміз. Өңірлердегі жағдайды сұраймыз. Көбінесе ауа райы жайында сөйлесеміз. Себебі, сіздер жақтың климаты бізбен ұқсас қой. Осы сияқты оқу-жаттығу жиынын өз облысымызда жылда өткіземіз. Бүгінгі шарадан біршама тәжірибе жинақтадық.

Шараға барлығы – 32 техника мен 80 маман жұмылдырылды. Айта кету керек, “Қыс-2024” оқу-жаттығу жиыны бүкіл республика бойынша өтіп жатыр.

 

Нұрасыл Ахмет