Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері құрметке бөленді

Қарашаның үшінші жексенбісі – ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Аталған сала өкілдері ағымдағы жылы рекорд тіркеп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Петропавлға жыл сайын орақ науқаны аяқталып, арқа кеңге салынған кезде үздік ауыл еңбеккерлері шақыртылады. Оларға тиісінше түрлі марапаттар табысталады.

БЕКЕТ НҰҒЫМАНОВ, “СҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасы:

– Биылғы жылы гектарына 18,6 центнер өнім жинадық. Өздерінің білесіздер, СҚО – ауыл шаруашылығы саласында шоқтығы биік аймақтардың бірі. Оны біз жыл сайын рекордтық көрсеткіштер арқылы дәлелдеп келеміз. Ел қамбасына құйылатын астықтың 30 пайызы бізде өсіріледі. Тиісінше, диқандарымызға зор көмек көрсетілуде.

Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Еңбеккерлерге біртіндеп түрлі деңгейдегі марапаттар табысталуда.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері әрқашан құрметке лайық. Біз тұтынып отырған жұмыртқа, тонна-тонна ет, дастарханымыздың көркі – нан, табиғи таза өнімдердің барлығы – осы сала мамандарының еңбегі. Олар жаз бойы бел жазбай, танап басында тер төгеді. Тіпті, төрт түлігіміз ауырған кезде де ветеринарлар келіп, емдеп береді. Бүгін бірқатар мал дәрігері де марапатқа ие болды.

ӘДІЛ ИСМУХАМБЕТОВ, Ақбұлақ ауылдық округінің ветеринары, Уәлиханов ауданы:

– Осы салада 2016 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысым қиын. Бүгін еленіп жатыр. 3-ші дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденіне ие болдым. Алғысым шексіз.

Жиында барлығы 60-қа жуық ауыл еңбеккері марапатталды. Басқосуда ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жайлы айтылып, келесі жылға жоспар құрылды.

 

Нұрасыл Ахмет