Денсаулық сақтау

Петропавлда жүрек-өкпе реанимациясы бойынша оқыту жүріп жатыр

Қазан айында облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында симуляция блогы ашылды. Мұнда денсаулық сақтау саласы өкілдері жүрек-өкпе реанимациясы бойынша оқытудан өтеді. Әзірге, 130 маман курспен қамтылыпты.

Тәжірибе толықтырып жатқан жандардың барлығы – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қызметкерлері. Оларға білікті анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер білім береді. Оқытушы мамандар бұған дейін америкалық әріптестерімен кездесіп, істің қыр-сырын меңгеріпті.

ДАНИЯР БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі, балалар анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– 4 бірдей балалар анестезиолог-реаниматолог дәрігерін оқытудан өткіздік. Біз Астанада болып, шетелдік мамандармен тілдестік, сынақтан өттік. Жүректің тоқтауы, естің тануы, өкпеге ауаның бармауы. Мұндай жайттар күнделікті өмірде тіркеліп жатады. Өкініштісі, адамдардың көбі маңызды сәтте не істеу керектігін білмейді. Осы орайда біз тиісті ережені дәрігерлер мен медбикелерден бөлек, әкімшілік қызметкерлерге, күзетшілерге, заңгерлерге де түсіндірсек, көрсетсек дейміз.

Орталыққа күн сайын 6 адамнан келеді. Олар 6 сағат бойы оқытушының айтқандарың тыңдайды, көрсеткенін қайталайды. Курс соңында аурухана өкілдері емтихан тапсырады. Егер сынақтан сәтті өтсе, әрқайсысына сертификат табысталады.

ДАНИЯР БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі, балалар анестезиолог-реаниматолог дәрігері:

– Аурухана өкілдерін оқытып болғасын өзге мекемелерге ойысамыз. Медицина ұйымдары қамтылады. Сонымен қатар, біз мектеп, полиция басқармасы, бөлімдері сынды мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатқымыз келеді. Көп жағдайда ұстаздар, тәртіп сақшылары оқиға орнынан бірінші табылып жатады. Сол кісілер негізгі тәсілдерді міндетті түрде білуі тиіс. Яғни, біздің мақсат – жүрек-өкпе реанимациясын баршаға үйрету.

Тағы бір маңызды жаңалық бар! Келер жылы симуляция орталығында петропавлдық әке-шешелер курстан өтеді. Бұл бастамадан жастар қауымы қалыс қалмауы тиіс. Баласының әр қадамына алаңмен қарайтын ата-аналар білім алу арқылы аса қажет дүниелерді ұғынады.

БАҒЫТЖАН НҰРҒАЗИНА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының күзет медбикесі:

– Курстан өтіп жатырмыз. Ұнап жатыр. Күнделікті өмірде балалар ауыздарына, мұрындарына бірдене салады. Сондай кезде не істеуді үйрендік.

Статистикаға сүйенсек, шақырту қабылдаған жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 5-7 минуттың ішінде келеді. Кей кезде бұл адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін. Данияр Бейсембаев бастаған дәрігерлер неғұрлық көп адамды жүрек-өкпе реанимациясына үйретсек, соғұрлық өлім-жітім көрсеткішін азайтамыз деп санайды.

 

Байболат Құлтанов