Білім

Мектеп кітапханашылары бас қосты

Төл мерекелері қарсаңында мектеп кітапханашылары бас қосты. Қалалық және қызылжарлық мамандар жұмыстарындағы жаңа технологиялар мен жетістіктерімен бөлісті. Мақтанарлық та, мақтауға тұрарлық та тұстар жетерлік. Анара Жаутаева Бәйтерек ауылындағы орта мектепте еңбек етеді. Мұндағы кітапханада 9 мыңға жуық кітап бар екен. Тұрақты оқырмандарының да қатары аз емес.

АНАРА ЖАУТАЕВА, Бәйтерек орта мектебінің кітапханашысы, Қызылжар ауданы:

– Біздің мектепте 360 бала бар. Қазақша, орысша сыныптар бар. Кітапхана бала ойының дамуы үшін, алға жылжуы үшін қажет. Балалар көбіне ертегілер мен әңгімелерді алып оқиды. Жалпы, өзім кітапханашы болып 11 жыл жұмыс істеп келемін.

Балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген жандар ресейлік және белорустық әріптестерімен онлайн байланысқа шығып, қашықтықтан тәжірибе алмасты. Балалар кітапханасының қызметкері Гүлнұр Бекіш жиынның маңыздылығына тоқталды. Тәжірибе алмасып, білім-білігін арттырған кітапханашының жұмысы да өнімді болады дейді.

ГҮЛНҰР БЕКІШ, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиографы:

– Біз кітапханашыларға неше түрлі шеберлік сыныптарын көрсетеміз. Жұмыстардың барлығы оларға ұнайды деген ойдамыз. Шараның маңыздылығы – кітапханашылардың кәсіби деңгейін көтеру және оқырмандарды кітапханаға тарту.

Жиында кадр мәселесі де қозғалды. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 40-қа жуық маман еңбек етеді. Оның төртеуі биыл жұмысқа қабылданыпты. Кітапхана қоры ағымдағы жылы 500-ге жуық туындымен толыққан.

 

Данаш Хамза