Қоғам

Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 390 млрд теңгеге жуық жәрдемақы алды

Жыл басынан бері елімізде көпбалалы 575 мың 800 отбасы 389,8 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алған. Қазан айының өзінде 570 мың отбасыға 41 млрд теңге аударылыпты. Бұл туралы бейінді министрліктің сайтында жазылды. Мұндай мемлекеттік жәрдемақыға бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді:

– 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;

– 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;

– 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;

– 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;

– 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артады. Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге барлығы – 474 млрд теңге қарастырылған.

 

Данаш Хамза