Қоғам

Жеке тұлғалар кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылды

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмалары аясында жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қаралды. Қаржы министрі Мәди Такиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енгенін хабарлады. Қалған санаттағы 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, аталған санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босату ұсынылды. Бұл осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Премьер-министр Олжас Бектенов аталған ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды және оларды Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

 

Данаш Хамза