Спорт

Жасөпірімдер арасында үстел теннисінен облыстық жарыс өтіп жатыр

Петропавда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен облыстық жарыс басталды. Үш күнге созылатын дүбірлі додаға облыстың түкпір-түкпірінен 50-ге жуық оқушы қатысуда.

Былай қарасаң, үстелдің жанында тұрып, қалақпен допты ұра салу оңай болып көрінеді. Бірақ, шын мәніне келгенде бұл спорт түрі алапат күшті қажет етпесе де дәлдік пен шапшаңдылық, икемділікті талап етеді.

Бүгін ұл-қыздар командамен жарысады. Бір топта төрт адамнан. Қалалық Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясынан келген қыздар үздіктер қатарынан көрінетіндеріне сенімді. Ертең жекелей жарысады екен, ал үшінші күні ұлдармен жұптасып ойнайды.

ДӘРИЯ НҰРЛАНОВА, жарысқа қатысушы:

– Маған теннис ойнаған ұнайды. Жиі осы залға келіп, жаттығамын. Менің ойымша, біз бірінші орын аламыз.

Жарысқа қатысып жатқан жастардың дайындық деңгейлері әр түрлі. Біреуі осы спортқа енді ден қойып жатса, кейбіреуінің бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Көбі таспасы жуырда ғана қиылған Үстел теннисі орталығына келіп жаттығады.

АНАСТАСИЯ КОНЮШКО, бас төреші:

– Жарысқа Тайынша, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов аудандары мен қала мектептерінің оқушылары қатысып жатыр. Жастары 12 мен 13-тің шамасында. 50 қатысушы болса, оның 25-і – ұл бала. Дода деңгейі жоғары, қарсыластар мықты. Тайыншалықтар, Ғ.Мүсірепов ауданы мен Соколовка ауылының өкілдері – осы жарыстың фавориттері.

Жеңімпаз атанған ойыншылар жазда Қарағандыда өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.

 

Мәдина Қаби