ТЖ

СҚО-да 3 балықшы айыппұл арқалады

Бойдағы құштарлық балықшыларды жылдың кез-келген мезгілінде, кез-келген ауа-райында өзен-көлдерге жетелейді. Жаздағы жағдай түсінікті. Адамдар қайықтың үстінде отырып немесе жағалауда тұрып қармақ салады. Ал күздің соңы мен қыста мұзға шығуға тура келеді. Бұл ретте қауіпсіздік ережелерін ескеру қажет.

ӘЛІБЕК БОРОМБАЕВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Мұзға шығардың алдында оның жағдайын жақсылап байқау қажет. Мынандай қағида бар: 1 адам үшін мұздың қалыңдығы 10 см құрайды, ал адамдар тобы үшін 15-20 см болуы тиіс. Күннің жылынуына немесе күн сәулесінің ұзақ түсінуі байланысты қазір өзен-көлдердің беті шытынауы да мүмкін. Яғни, әлі қақаған суықтың келмеуіне байланысты су айдындарында балық аулау қауіпті болып табылады.

Кей кезде балықшылардың өздері өмірлеріне қауіп төндіруі мүмкін. Қыстыгүні мұз бетінде ойықтар пайда болатыны белгілі. Олар жиі орналаспауы тиіс. Қарапайым ережені үлкендер жақсы біледі. Ал қармақты енді қолға алғандар білмеуі де ықтимал.

ӘЛІБЕК БОРОМБАЕВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:

– Жасалатын ойықтардың арасы кем дегенде 2 метрді құрауы тиіс. Егер мұз шытынаса дереу жағаға беттеген жөн. Балықшыларды ішімдік ішпеуге шақырамыз. Алкоголь мұқияттылықтан айырады. Мұның соңы қайғылы жайтқа әкелуі мүмкін. Тағы бір айтпағым, мұздың қалыңдығы 25 см жеткенге дейін балықшылар құтқару кеудешелерінде болуы міндетті.

Бұл айтылғандар ескерілмесе, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Осы күзде өңірімізде 3 балықшы осындай жазаға тартылыпты. Есіл өзеніндегі рейд кезінде Николай Гаршинді кездестірдік. Мамандар петропавлдыққа мән-жайды түсіндірді.

НИКОЛАЙ ГАРШИН, балықшы:

– Құтқарушыларды Есіл өзенінде жиі көремін. Айналаны шарлап шығады, мұздың қалыңдығын тексереді. Бізге қажетті ақпар береді. Осы үшін алғыс айтамын. Құтқару кеудешем бар, оны балық аулап отырған жерімде тастап кеттім. Қазіргі таңда барлығымыз сақтану қажетпіз.

Сөз соңында республикалық статистиканы ұсынамыз. Елде күн суытқалы 3 балықшы өзен-көлдерде ажал құшқан. Белгілі болғандай, барлығы қауіпсіздік ережелерін ескермепті.

 

Нұрасыл Ахмет