Қоғам

Петропавлда “Байқаңыз, өте жұқа мұз!” акциясы өтті

Петропавлдықтар жазда ғана емес, қыста да суға түседі. Суық суда дене шынықтыратын мұндай жерлестеріміз сақтық ережелерін білуі тиіс. Осыған байланысты қоғамдық даму және ақпарат орталығының мамандары Пестрое көлінде “Байқаңыз, өте жұқа мұз!” акциясын өткізді. Оның аясында ұйымдастырушылар жерлестерімізге қажетті ақпар берді, жаднама қағазын таратты. Арнайы парақта мұздағы қауіпсіздік жайлы жазылған.

ДӘУРЕН ЖӘКЕНОВ, қала тұрғыны:

– Мен қауіпсіздік ережелерін білемін және сақтаймын. Өзен-көлдердің қатпаған тұсына жақындауға болмайды. Барлығын алдын ала байқап, тексеру керек. Мұз үстінде от жағуға тыйым салынған. Петропавл қаласында салқын суға түсетін 150-ден астам адам бар. Барлығымыз ережелерді қатаң түрде сақтаймыз.

Айта кетерлігі, орталық мамандары шомылу орындарына күн де барады. Кей кезде көздеріне балықшылар мен коньки тебуге келетін адамдар түседі екен. Оларға да тиісті түсіндіру шарасын өткізеді.

ГҮЛБАҚЫТ БАЙБУСИНОВА, СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Ережелер әртүрлі. Мысалы, коньки тебуге келгендер қалыңдықты ескеру қажет. Мұзды аяқпен тексеріп алу керек.

Мамандар табиғат аясында жүріп қана қоймайды. Олар түрлі жиындарда да қауіпсіздік шаралары жайлы айтады екен.

 

Мәдина Қаби