БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бастапқы кезеңде бұл жерде небәрі 10 бас Шопан ата төлі болған. Қазір олардың жалпы саны 650-ді құрайды. Бұл қойлардың барлығы қызылжарлық кәсіпкер Константин Кирилловқа тиесілі.
Саулық та, тұсақ та, тоқты мен қошқар да бар. Мұның барлығы 1 күнде пайда болған жоқ. Қара жұмыстан қашпаған, істі жоспармен бастаған жерлесіміз ауыл шаруашылығы саласында 20 жылдан аса тер төгіп келеді.
Жүздеп қой ұстағасын кең қора мен шашпа қажет. Бұған дейін Константин Кириллов бірсыпыра жерді алып жатқан мал тұрағын тұрғызыпты. Дегенмен, тұяқтылардың саны артып келеді. Арасында шетелден жеткізілген қойлар да бар. Осыған байланысты азамат күннің суығына қарамастан нысанның аумағын кеңейтіп жатыр.
КОНСТАНТИН КИРИЛЛОВ, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Қой шаруашылығын осыдан 5 жыл бұрын мықтап қолға алдым. Бастапқыда малдың басы 650-ге жетеді деп ойламадым. Ерінбесең, барлығы мүмкін екен. Біздің бағытта бір орында тұрып қалуға болмайды. Қорадағы жануарлар етті болғаны жөн. Ал бұған қан араластырып қана қол жеткізе аламыз. Сондықтан, Беларусь елінен өз ақшама дорпер қойларын әкелдім.
Мұндай қойлар Павлодар облысында да бар. Іскер жан көрші өңірден де мал әкеліпті. Бүгінде дорперлер жергілікті климатқа үйренген. Алдағы уақытта шашпада етті әрі кем дегенде 2-3 қозыдан туатын тұяқтылар жүрмек. Сонымен қатар, Константин кәсібін дамыту үшін мемлекет көмегіне жүгінген.
КОНСТАНТИН КИРИЛЛОВ, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Былтыр мемлекеттен «Ауыл аманаты» жобасы арқылы максималды көлемде несие рәсімдеп, 123 бас қой алдым. Қарыздың көлемі 8 млн 600 мың теңгені құрайды. Займ небәрі 2,5 пайызбен рәсімделді. Өте тиімді бағдарлама дегім келеді. Біз сияқты кәсіпкерлерге осындай қолдау қажет. Сонда кәсібімізді кеңейте аламыз.
Табыстың жалғыз көзі – қой етін сату. Әзірге бұл бағыт та ауыз толтырып айтарлықтай тиімді емес. Мүмкіндіктің шектеулі болуына байланысты кәсіпкер кіріс көлемін еселеп ұлғайта алмай отыр.
КОНСТАНТИН КИРИЛЛОВ, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
– Қойларды үйден сатамын. Саудагерлер етті Астанада өткізеді. Өзім сойып, өзім сатқым келеді. Ол үшін мал сою қосыны мен ветеринардан анықтама керек. Болашақта осы Надёжка ауылында арнайы орын тұрғызсам деймін. Сонда кірістің көлемі ұлғаяр еді. Ал тері мен жүннің игерілмеуі қынжылтпай қоймайды. Оларды қоқысқа төгеміз.
Отар қойға азық көп керек. Биыл кәсіпкер қасындағы көмекші жігіттермен бірге 390 тонна шөп дайындапты. Ол болашақта мемлекеттен жер алуды көздеп отыр. Сонда тұяқтыларды еркін жаймақ, жем-шөпті де молынан үймек.
Ауылдың шаңына аунап өскен Константин қалаға көшкісі жоқ. Ол ер жеткен жерінде мал шаруашылымен мықтап айналысқысы келеді. Бір қызығы, еңбекқор азаматтың жанұясы Петропавлда тұрады.
Байболат Құлтанов