Спорт

Жасөспірімдер мен жастар арасында акробатикадан ел кубогі басталды

Икемділік пен шымырлықты қажет ететін спорт. Петропавлда жексенбі күні жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық жарыс басталды. Дүбірлі дода үш күнге созылады.

Қазір ортада қос алматылық қыз өнер көрсетуде. 12 жасар Асылайым Ерланқызы акробатикалық нөмірде тірек қызметін атқарып, асқан ұстамдылық пен күштің үлгісін көрсетті. Ал жүгіріп кеп иығына мінген Даяна Асанова мұншалықты қиын жаттығуды шеберліктің арқасында жеңіл орындауға болатындығын дәлелдеді. Айта кереу, қос қыз бүгін бірінші рет жұптасып өнер көрсетті.

АСЫЛАЙЫМ ЕРЛАНҚЫЗЫ, жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

– Біз жарысқа тамыздан бері дайындалдық. Бізде соншалықты қиындықтар болмады. Тек Даянаның бірінші жарысы болғандықтан оған қиындау болады. Кейде қорқып қалады немесе жарыстың алдында қатты уайымдап қалады.

Сәлден соң үш теріскейлік қыз шықты. Олардың дайындаған акробатикалық нөмірлері өзгелерінен өзгеше болды. Қыздар пирамида да жасады, көңілді әнге билеп те берді.

ЭЛЬВИРА ЗАЙНУЛИНА, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Біздің топтасып өнер көрсетіп жүргенімізге жарты жылдай болып қалды. Барлығы ойдағыдай шықты. Мен ортасында тұрамын. Полина Калинина бір өзі екеуімізді көтеріп тұрады. Ал Вера Жигалова үстіне шығады. Ол жас бойынша бізден кіші болса да бүгін батылдық пен шеберлік танытты.

Дүбірлі додаға Қазақстанның түкпір-түкіпірінен 150-ден астам өнерлі жас қатысуда. Барлығының мақсаты – жеңіске жету.

АНДРЕЙ ЯМПОЛЬСКИЙ, бас төреші:

– Жарысқа 19 жасқа дейінгілердің барлығы қатысуда. Негізі, акробатикаға баланы ерте жасынан береді. Ал белгілі бір жетістікке жету үшін 10-15 жылдай тер төгу қажет. Бұл – қауіпті, бірақ әдемі спорт түрі. Акробатика икемділік пен шымырлықты қажет етеді.

Жеңіске жеткен қатысушылар кубокке ие болады. Кейін халықаралық жарысқа барып, ел намысын қорғайтын болады.

 

Мәдина Қаби