Теріскейдің түкпір-түкпірінен келген жас ұстаздар сайысты. Облыс орталығында “Дебют” жас педагогтер байқауының облыстық кезеңі өтті. Қатысуға ниет білдірген 100-ге жуық маманның 41-і іріктеліп алынған. Білім додасына еңбек өтілі 3 жылдан аспаған мұғалімдер қатысып жатыр.
ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, облыстық білім басқармасының әдіскері:
– Байқау білім беру саласындағы жаңа бастамалар мен шығармашылық идеяларды насихаттайтын маңызды іс-шара. Сайыс білім беру саласындағы жас мамандардың ынтасын арттырып, тәжірибе жинақтауына көмектеседі.
Қатысушылар балаларды қызықтыра алатын тапсырмалар дайындаған. Аружан Құрмаш “Лорд” дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ұстаз ретінде жұмыс істеп жатқанына көп болмаса да байқауда бағын сынауды жөн көрген. Жас маман жеңімпаз атанудан үмітті.
АРУЖАН ҚҰРМАШ, байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:
– Байқауға дайындалуға барлық ұстаздар көмектесті деп айтсам болады. Сайысқа 2 апта бойы дайындалдым.
Қазылар алқасы әр ұстазды сабақтары аяқталғаннан кейін шақырып алып, қай жерде қателік жібергенін айтып отырды. Айта кету керек, білім додасы қатарынан 4 мектепте өтіп жатыр. Жеңімпаз атанған педагогке Бурабайдағы демалыс орындарының біріне жолдама беріледі.
Нұрасыл Ахмет