Спорт

Грэпплингтен облыстық ашық чемпионат өтті

Петропавлда демалыс күндері грэпплингтің “AIGA” түрінен алғаш рет жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық чемпионат өтті. Дүбірлі додаға Бразилия жекпе-жегін серік еткен 160-тан астам жеткіншек қатысты. Жарысқа Астана мен Қостанай қалаларынан ат терлетіп келген спортшылар да қатысуда. Ең алдымен төрешілер жекпе-жек алаңына шыққан барлық спортшыларды сайыс ережелерімен таныстырып өтті. Қатысушыларға жас ерекшеліктеріне қарай екі-үш минуттан уақыт берілді. Олар осы аралықта қарсыластарын буындырып, жеңіске жетулері тиіс. Ең бастысы – өмірге қауіп төнетіндей әдіс жасамау қажет.

ОЛЖАС ДҮЙСЕНОВ, “Kudo Daido Juku” федерациясының СҚОФ президенті:

– Жарысқа Астана қаласынан 52 спортшы, Қостанайдан 15 спортшы келді. Грэпплинг – өңірімізде жаңа дамып келе жатқан спорт түрі. Доданы бразилиялық жекпе-жекті дамыту мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Себебі, біздің жеткіншектер жарысқа қатысып қана қоймай, біршама тәжірибе жинақтайды.

Жарысқа қатысушы астаналық Ади Алмаз грэпплингпен 5 жылдан бері айналысады. Ол турнирдегі бірінші жекпе-жегін жергілікті спортшымен өткізді. Басында петропавлдық спортшы жеңіп жатқанымен, кездесудің аяқталуына жақын қалған кезде елордалық жас қарсыласының үстіне шығып, буындыру әдісімен жеңіске жетті.

АДИ АЛМАЗ, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:

– Мен үшін жекпе-жек қиын болған жоқ. Себебі, мен қарсыласымды алдау үшін басында ұтылып жатқан сыңай таныттым. Ол босаңсыған кезде мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, жеңіске жеттім. Бұл бапкерім екеуіміздің кездесу алдында құрған жоспарымыз болатын. Мен чемпионаттың фавориті болып есептелем. Командаластарым барлығы маған үміт артып отыр. Сондықтан, бүгін тұғырдың биік сатысынан көрінетініме күмәнім жоқ.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамота, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал теріскейлік өрендер болса, желтоқсан айында елордада өтетін турнирге қатысады.

 

Нұрасыл Ахмет