Қозыбаев университеті қабырғасында қытайлық 22 студент сертификат алды. Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде оқитын жастар аймағымызда 3 ай болды. Олар жергілікті кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтті, дәрістерге қатысты.
ЖАН ЖИПЕНГ, Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің магистранты, ҚХР:
– Біз Солтүстік Қазақстан облысына тамыздың 19-ы күні келдік. Көп ұзамай оқу басталды. Мал шаруашылығымен жіті таныстық, жануарлардың генетикасын зерттедік. Маған өте ұнады. Мол тәжірибе жинадық. Мені Қытай мен Қазақстанның достық қарым-қатынаста болғаны қуантады. Осы байланыстың арқасында өзім үшін бірталай жаңашылдық аштым.
Біреу білсе, біреу білмес, Қозыбаев пен Қытайдағы Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті бірнеше жыл бұрын әріптестік құжатына қол қойған. Содан бері өзара тығыз қарым-қатынаста. Мамандар мен студенттер жиі тәжірибе алмасып тұрады.
ДМИТРИЙ ИЛЬ, Қозыбаев университеті “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының меңгерушісі:
– Қытайлық студенттер 1 ай көлемінде өңірдегі агроқұрылымдарда өндірістік тәжірибеден өтті. Олар Аққайың, Тайынша және Қызылжар ауданында болды. Сол кезде мал шаруашылығы бағытында баға жетпес білім алды. Осыдан кейін жастар біздің университет қабырғасында сабақтарға қатысты. Қонақтарымызға өңіріміз ұнады.
Айта кету қажет, жақында бірнеше жерлесіміз Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінен оралыпты. Яғни, теріскейлік мамандар да Қытайда болған. Көрші елде біздің делегация 10 күн бойы заманауи мал шаруашылығымен айналысуды меңгеріпті.
Байболат Құлтанов