Құқық қорғау органдары

Петропавлда жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті

Петропавлда балалардың қауіпсіздігі мәселесі бойынша жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті. Оған шаһар прокуроры Тыныбек Сапаров қатысты. Бұл бағыт көңіл бөлуді қажет етеді. Статистикаға сүйенсек, биыл облыс орталығында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 22 бірдей қылмыстық іс тіркелген. Ал балаларға қатысты 44 құқық бұзушылық орын алған.

ТЫНЫБЕК САПАРОВ, Петропавл қаласының прокуроры:

– Бүгін өзекті мәселелер талқыланады. Біз балалар жасаған және кәмелетке толмағандарға жасалған құқық бұзушылықтар жайлы кеңінен айтамыз. Мақсатымыз – әрбір ата-анаға қауіпті ұғындыру. Ұл-қыздардың тәрбиесіне үйде көңіл бөлу керек. Сыртта небір жайттар орын алады. Соны көрген баланың психологиясы өзгереді. Бұған жол бермеу үшін үнемі ақыл айтып, тыйым салып отырған дұрыс.

Залға жиналған ата-аналар айтылғандардың барлығын ұйым тыңдады. Шараға көпбалалы жандар да келген. Соның бірі – Альбина Мұхамедина.

АЛЬБИНА МҰХАМЕДИНА, қала тұрғыны:

– 5 балам бар, мектепте 3 балам оқиды. Балалармен жиі сөйлесіп отырамыз. Достары жайлы білуге тырысамын.

Ата-ана назар аударуы тиіс тағы бір тұс – балалардың тыйым салынған сайттарға кірмеуі. Қазір ой-сананы онлайн түрде улайтындар бар. Мұның соңы қайғылы жайтқа әкелуі де мүмкін. Жиын соңында маңызды бағытта тұрғындарды, ұстаздарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

 

Байболат Құлтанов