Ауыл шаруашылығы

Мереке Мұхамедияров: “Халықпен кездеспейді емес, кездесіп отырамын”

Басшы мен БАҚ өкілдері бетпе-бет тілдесті! Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияровтың қатысуымен брифинг өтті. Журналистер алдында үшінші болып төбе көрсеткен атқамінердің баяндамасы бірсыпыра беттен тұрмады. Басты бағыттар қамтылған, негізгі сандар қағаз бетіне түскен.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Ауданға бұған дейінгі 3 жылда 5 млрд 800 млн теңге бөлінсе, биыл 3,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Мемлекеттік қолдау мығым, демек, алдағы уақытта ауданда маңызды шаруалар атқарылады. Мысалы, Есілде ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамту бағытында бірнеше жоба жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде келер жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы орындалады.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Комплексный блок деп атаймыз. Жабдық осы қараша айында Жамбыл, Тонкошуровка, Қарағаш, Қаратал ауылдарына қойылады. Бұдан бөлек, аудандағы 13 ауылға су тартамыз. Жобамыз комитетте қарастырылып жатыр.

Есіл ауданында Еңбек деген ауыл бар. Сол елдімекеннің тұрғындары брифингке қатысатын тілшілермен алдын ала тілдесіп, Мереке Мұхамедияровтың әлі күнге дейін өздерімен кездеспегенін айтыпты. Бұны шенеунік жоққа шығарды. Оның сөзінше, былтырғы қарашадан бері ауылға 3 мәрте ат ізін салған. Ал мұндағы ағайынды толғандырған басты мәселе – су мұнарасының шіруі. Бұл проблемадан билік хабардар.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Еңбек ауылында жұмыстар басталды. Сол жердегі серіктестікпен келісім бар. Жабдықтар сатып алынды.

Есілде талантты жандар көп. Қолына домбыра алған мына ақын жігіт Ақтас, Қарағай, Бұлақ сынды ауылдардың мәселесін көтерді. Бұл жақтың халқы ондаған жылдардан бері жөнді жолға жарымай отыр. Былтыр іспен айналысқан компания өкілдері өз міндетін толықтай орындамай тайып тұрған.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Компанияны сотқа бердік, сотта жеңдік. Жуырда халықпен кездестім, барлығын түсіндірдім. Жұмыс келесі жылы жүргізіледі.

Брифинг барысында Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров жақында ауылдарды аралап, халықпен жүздесу науқанын бастайтынын айтты. Демек, базынаны бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік туады. Бұл ретте тұрғындар басшының кездесу кестесін бүгіннен біліп алғандары абзал.

 

Байболат Құлтанов