Қоғам

СҚО-да ЭЦҚ-ны заңға қайшы жолмен қолдану фактілері тіркелді

Бүгін Петропавлда ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында 4 мәселе қаралды. Соның бірі – бірінші басшы жұмыс орнында болмаған кезде оның атынан электронды-цифрлық қолтаңбаны қолдану. Кім және қалай пайдалануы қажет? Бұл қарапайым сұрақ болып көрінгенімен заңнамадағы талаптарды ұмытпау қажет. Егер ереже ескерілмесе, белгілі бір шара қолданылады.

НҰРГҮЛ ЖАНМУРЗИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Департамент жыл сайын бұл мәселе бойынша мониторинг жүргізеді. Айта кетейін, егер басшы еңбек демалысына немесе іссапарға кетсе, орнына міндетті түрде келісімшарттарға электронды-цифрлық қолтаңба арқылы қол қоятын адамды қалдырып кетуі тиіс. Тексеріс барысында бірнеше бұзушылық анықтадық. Олардың саны 23-і құрайды. Ережені бұзғандардың көбісі – ауылдық округ әкімдері.

Электронды-цифрлық қолтаңбаны қолданудағы бұзушылықтар медицина саласында көптеп тіркелген. Олардың саны 300-ге жуықтайды. Жиында ереже бұзған әкімдік өкілдеріне ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері сұрақтарын жаудырды. Олар тиісінше заңнамадағы талаптардың неге орындалмағаны жайында айтып берді. Мәселен, Қызылжар ауданының 2 ауылдық округінде ереже бұзу фактісі анықталған.

АСАН СМАҒҰЛОВ, Қызылжар ауданы әкімі аппаратының басшысы:

– Аталған фактілер бойынша ауданымызда тиісті тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ереже бұзғандардың әрбіреуімен жеке-жеке әңгімелестік. Ауылдық округ әкімдеріне іс-сапарға 1 күнге кетсе де орнына адам қалдыру қажеттігін айттық. Талаптарды орындамаған шенеуніктер енді бұндай жағдай қайталанбайтынын жеткізді.

Ереже бұзған атқамінерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жиында тағы білім саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету жайлы айтылды.

 

Нұрасыл Ахмет