15 қараша – көрнекті жазушы, ақын, драматург, елдің азаттығы үшін жанын құрбан еткен жандардың бірі Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толады. Осыған орай бүгін облыстық кітапханада ардагер ұстаздар мен жастардың қатысуымен әдеби кеш өтті. Шарада қазақтың біртуар ұлының өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды. Оның қазақ әдебиетінде алатын орны жайлы айтылды.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:
– Теріскейлік нар тұлғалар С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтер Бейімбетті ешқашан атымен атамаған. Әрқашан “Би аға” деп еркелеткен. Өте талантты тұлға болған. Бейімбет атамыздың аты ешқашан өшпейді.
Бейімбет Майлин – Қостанай облысының тумасы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алты жасынан шешесінен айырылған. Осылайша, қазақтың көрнекті жазушысы жетімдіктің ащы дәмін ерте татып, қиындық көріп ер жетеді. Бірақ, ол ешқашан мойыған емес. Азамат кеңес үкіметінің солақай саясатына алғашқылардың бірі болып қарсы шығып, халқының болашағы үшін күрескен. Санаулы ғұмырында артынан өшпес із қалдырған. Бейімбет Жармағамбетұлының 15-ке тарта повесі мен “Азамат Азаматович” атты романы бар. Тіпті, туындыларына негізделіп алғашқы дыбыстық фильм түсірілген. Ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев ақын шығармаларының мән-мағынасы зор дейді.
ҚАРАҚАТ ШАЛАБАЕВ, ардагер ұстаз:
– Бейімбет Майлиннен келер ұрпаққа мән-мағынасы зор бірнеше туынды қалды. Соның бірі де бірегейі – “Шұғаның белгісі” повесі.
Саягүл Темірғалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 8-ші сынып оқушысы. Болашақта мұғалім болуды армандайтын жеткіншек Бейімбет Майлиннің туындыларын сүйіп оқиды екен.
САЯГҮЛ ТЕМІРҒАЛИЕВА, Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 8-сынып оқушысы:
– Ақынның туындыларын былтырғы жылдан бастап оқимын. 10-ға жуық өлеңін жатқа білемін.
Жалпы, жиынға 40-қа жуық жас қатысты. Дені – оқушылар мен әскери академияның курсанттары.
Нұрасыл Ахмет