Қоғам

“Жезқазған-Петропавл” автожолы келесі жылы толығымен жөнделеді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл – “Жезқазған-Петропавл” трассасы. Республикалық маңызға ие жолдың бір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Қазір көлік тізгіндеген кез келген жанды тоқтатып, жолдың сапасын сұрасақ, көңіл көншітпейтіндігін айтады. Жүргізушілерге, жолаушыларға жеткізер маңызды жаңалығымыз бар! Жолдың өңір аумағындағы бөлігі келер жылы жөнделеді.

Яғни, 2025 жылы “Жезқазған-Петропавл” трассасы толығымен тақтайдай тегіс күйге енеді. Бұл жайлы Есіл ауданында Сенат депутаттарының қатысуымен өткен жиында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлім етті. Маңызды жобаның жүзеге асуының арқасында 940 шақырымды еңсеру жеңілдемек. Ал оның бойында ондаған мың халқы бар бірнеше қала орналасқан.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, ҚР Көлік вице-министрі:

– Бұрын тек халықаралық дәліздер және облыс аралығындағы жолдар жөнделді. Ақшаның аздығынан жөнді көңіл бөлінбеді. Қазір осы бағытқа назар аудардық. Соның нәтижесінде “Жезқазған-Петропавл” республикалық автожолы жөндеу көреді. Ол 4 облысты басып өтеді. Өте маңызды жобалардың бірі.

“Жезқазған-Петропавл” трассасының өңір аумағындағы бөлігі жайлы толығырақ баяндайық. Жолдың 358 шақырымы облыс аумағында орналасқан. Бүгінде соның 297-сі орташа жөндеу көруде. Жоспар бойынша көпті күттірген шаруа келесі жылы соңына жетеді. Бұл ретте сапа ұмыт қалмауы тиіс. Тек сандар үшін тер төгілсе, миллиардтардың желге ұшатыны айдан анық. Сол үшін елімізде арнайы орталық құрылған.

БОЛАТБЕК АЙТПАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК Бас директоры:

– Орталықтың облыстық филиалы биыл осы жол бойынша 53 инспекциялық шығу ұйымдастырған. Жүздеген сынама алынды. Тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Мамандар зерттеу жүргізбегенде жол жақын арада сыр беруі мүмкін еді. Тексеріс қорытындысы бойынша айтарлықтай бұзушылықтар анықталыпты. Орталық өкілдері тіркелген фактілер негізінде мердігерлерге ұсыныс білдірген.

БОЛАТБЕК АЙТПАЕВ, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК бас директоры:

– Қолданылып жатқан материалдардың 18-20 пайызы талапқа сәйкес келмеді. Мердігерлерге жүгіндік. Олар ұсынысты ескеріп, барлығын ретке келтірді.

Жиын барысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев өңір аумағындағы өзге де жобаларға тоқталды. Бірі алдағы уақытта бастау алады.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, ҚР Көлік вице-министрі:

– Петропавл қаласының маңында айналма жол салу бойынша жоба жасап жатырмыз. Оның ұзындығы – 8 шақырым. Есіл өзені арқылы көпір тұрғызылады. Сонымен қатар, РФ Қорған облысына шығатын жол жөнделуде.

Баяндамасы барысында вице-министр Сенат депутаттарына биыл елімізде жол жөндеуге рекордтық қаржы бөлінгенін айтты. Осының арқасында бақандай 12 мың шақырымды ретке келтіру бойынша жұмыстар басталыпты.

 

Байболат Құлтанов