Қоғам

Жеңімпаз мұғалімдер анықталды

Мұғалімдер асыға күткен сәт те келіп жетті. Облыста осы жылдың наурыз айынан бері “Педагогикалық идеялар панорамасы” атты конкурс өткен болатын. Байқаудың қорытындысы бүгін шықты.

ЛЕЙЛА АЛМАҒАМБЕТОВА, СҚО “ORLEU” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының директоры:

– Облыс бойынша 255 өтініш келіп түсті және белсенді мұғалімдер бойынша облысымыз ел бойынша 10 топтың қатарына енеді. Қатысушылардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 10 пайызға өсіп отыр.

200-ден астам ұстаздың ішінен 72-сінің жұмысы жақсы деген баға алған. Оның 36-сы – үшінші орын, 24-і – екінші орын иеленсе, қалған 12-сі бірінші орын иегері атанды. Бикеш Кәсенова – жеңімпаздардың бірі. М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің мұғалімі әріптесімен бірге қаржылық сауаттылық туралы подкаст жазған.

БИКЕШ КӘСЕНОВА, М.Жұмабаев атыдағы IT-мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі:

– Мен математика пәні бойынша қатысқан едім. Өзімнің әріптесім, информатика пәні мұғалімімен бірге қатыстық. Біз қаржылық сауаттылық бағытын таңдадық.

Байқаудың ережесі мынадай: мұғалімдер мектептерінде ашық сабақ өткізіп, оны видеоға түсіріп жібереді. Ал бейнематериал міндетті түрде 5-7 минут қана болуы қажет. Қатысушылардың жұмыстарын өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар бағалады.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, сарапшы:

– Конкурстың өту деңгейі жылдан-жылға жоғарылауда. Себебі, конкурс 5 жылда бір өтетін аттестацияға да әсер етеді. Мен өзім республикалықтан 1-ші орын алған едім. Соның арқасында педагог-мастер атанып отырмын.

Байқау жеңімпаздарының жұмыстары желтоқсан айында республикалық кезеңге жіберіледі. Қоса кетейік, өткен жылы 10 мұғалімнің мерейі үстем болып, финалдық кезеңде жүлдені қанжығаға байлаған.

 

Мәдина Қаби