Петропавлда үздік волонтерлер және үкіметтік емес ұйымдар марапатталды. Залда қаз-қатар жайғасқан бұл жандардың еңбегі сырт көзге аса байқалмайды. Алайда, олар ауқымды істің басын қайырып жүр. Оны көпшілік биылғы су тасқыны кезінде түсінді.
ТИМУР ӘЛЖАНОВ, «СҚО жастар мәслихаты» ЖҚБ төрағасы:
– Солтүстік Қазақстан облысында 450-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Соның 50-і белсенді түрде жұмыс жүргізеді. Олар негізінен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыруға және волонтерлік қозғалысты дамытуға негізделген жұмыстармен айналысады. Қоғамға тигізер пайдасы зор дер едім. Бүгін үздіктерді марапаттап, еңбектерін ескермекпіз.
Басқосу барысында үздіктерге түрлі марапат табысталмақ. Соның бірін «Қызыл жарты ай» қоғамы облыстық филиалының директоры Сәуле Оразова алады. Белсенді нәзікжандығы Мәдениет және ақпарат министрі “Қайырымдылық үшін” төсбелгісін жолдапты.
СӘУЛЕ ОРАЗОВА, «Қызыл жарты ай» қоғамы СҚОФ директоры:
– Өткен көктемдегі су тасқыны кезінде бірліктің үлгісін көрсеттік. Біз алғашқылардың бірі болып зардап шеккен жандарға көмек бердік. Мысалы, қоғам атынан 2 мыңнан астам адам бірреттік ақшалай жәрдем алды. Оның көлемі 40 мың теңгені құрайды. Тізімге енген жерлестерімізге әлді де қолдау танытып жатырмыз. Бүгін марапат алады екем. Алғысымды білдіремін!
Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар! Шара барысында ондаған жерлесіміз марапат алды. Олардың барлығы елді дамытуға бағытталған жобаларды қолға алуға ниетті.
Байболат Құлтанов