Мына залда асыр салып жүрген балалар спортқа жақын. Өкінішке қарай, бойларындағы дертке байланысты олар залда қатарластарымен бірге жаттыға алмайды. Бірақ, қазіргі таңда өңірімізде мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға көп көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – Петропавлда алғаш рет ерекше балаларға арналған “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды. Мұнда аутизм мен даун синдромына шалдыққан жеткіншектер жаттыға алады.
НАТАЛЬЯ ТРЕТЬЯКОВА-ЯКОВЕНКО, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының жаттықтырушысы:
– Тың жоба “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен жүзеге асты. Ресми ашылуымыз қазанның 10-ы күні өткен болатын. Жалпы, балаларға тоқталсам, бұл жеткіншектердің бойында қуат бар. Залға келе салысымен олар мәз-мейрам болады. Біз ұл-қыздарды қол күрес, қоян-қолтық ұрыс және армрестлинг бойынша аптасына 3 күн жаттықтырамыз. Қазір мұнда 20-ға жуық бала келіп жүр.
Залдағы балалардың көзінен отты байқауға болады. Барлығы аса белсенді. Физикалық тұрғыда да әлсіз емес. Қазіргі таңда ұл-қыздармен екі жаттықтырушы айналысады. Николай және Наталья өз қызметтерін тегін атқарады.
НАТАЛЬЯ ТРЕТЬЯКОВА-ЯКОВЕНКО, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубының жаттықтырушысы:
– 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Мұндай ұл-қыздармен жұмыс істеу оңай емес. Олар залда спортпен шұғылданып, ортаға бейімделеді. Бір-бірімен араласады. Өзін жақсы қырынан танытқандарды жарыстарға апарамыз.
Ата-аналар да балаларының бойынан оң өзгерістерді байқаған. Маргарита Нұрахметованың ұлын Николай мен Наталья ақпан айынан бері жаттықтырып жүр. Баласы Дмитрий де спортпен айналысқанда жаны сүйеді.
МАРГАРИТА НҰРАХМЕТОВА, ата-ана:
– Басқа ата-аналардан ерекше балаларды дайындайтын клуб бар екенін естігенде бірден ұлымды осында әкелдім. Балам залға келген уақыттан бастап өзін жақсы қырынан көрсетуде. Мектептегі мұғалімдер де мақтайды. Ең бастысы, мұнда темірдей тәртіпке үйретеді. Жаттықтырушыларға алғысым шексіз.
Айта кету керек, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру клубы аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жұмыс істейді.
Нұрасыл Ахмет