Дүйсенбіден бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Петропавлда өңір ұстаздарына арналған семинар өткізуде. Қозғалып отырған тақырып – балалардың денсаулығы, олардың тәрбиесі. Жиынға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар, дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен әлеуметтік педагогтар қатысуда.
Ұйқы және дұрыс тамақтану! Бұлар ұл-қыздардың дамуында маңызды рөл атқарады. Ұстаздардың міндеті – осыны қадағалау. Абай атамыз “Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол” деп бекер айтпаған. Бала көргенін істейді. Сонысымен әдет қалыптасады, бұл ертең үлкен проблемаға әкелуі мүмкін. Семинарда осы және олардың алдын алуға арналған бірсыпыра ақпар айтылды.
БАУЫРЖАН СЕРІКОВ, Андреевка орта мектебінің әлеуметтік педагогы, Мамлют ауданы:
– Бізге мамандар балалардың денсаулығына зиянды дүниелерді айтты. Мектеп жасындағы оқушылар әлі де темекі шегеді, насыбай атады, тіпті есірткі қолданады. Ерте жастан жыныстық қатынысқа түсіп жататындар да бар. Олардың барлығы бірдей бұлардың зиян екенін ұғына бермейді. Жаппай түсіндіру жұмысына басымдық беру қажет. Бұл жерде үйдегі ата-ана да маңызды рөл атқарады. Біз біріксек қана өзгеріс орын алады.
“Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген бар. Ата-ана балаға үлгі болуы тиіс. Сонда отырғызған көшеттің бойы тік қалыптасады. Сонымен қатар, қазір ұл-қыздар арасында аурушаңдық жиілеген. Көбіне өзіміз жол береміз дейді жиынға қатысушылар. Майлы тағамдар, қолдан түспейтін телефон және балалармен сөйлеспеу ертең сан соқтыруы мүмкін.
САМАТ МАЙДАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының өңірлік үйлестірушісі:
– Бұл іс-шара мектептер өкілдеріне мол дерек береді. Семинар мұғалімдерге балалармен жұмыс істеуді, ата-аналарға денсаулық жайлы қандай кеңес беру қажетігін үйретеді.
Жиынға облыстың 3 ауданынан және қала мектептерінен 50-ден астам педагог қатысуда. 4 күндік семинардың соңында педагогтарға сертификат беріледі.
Мәдина Қаби