Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысы әлемнің 80-нен астам елімен өзара тиімді ынтымақтастық орнатқан. Аймақ басшысы облыс Эстониялық серіктестермен бірқатар салада жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Мәселен, агроөнеркәсіп кешенінде өңір республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайыздан астамын өндіруде. Бұл ретте экспорт үлесін арттыру мақсаты тұр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ел бойынша ауыл шаруашылығына тартылатын инвестициялардың шамамен 20 пайызы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Басты міндетіміз – агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайту. Сондықтан, бүгінгі таңда біздің кәсіпорындардың өнімдері тек жергілікті нарықтарда ғана емес, сонымен қатар, экспортқа да шығарылуда.
Бұдан бөлек, «Nord Panеls» ағашты терең өңдеу зауыты өз өнімінің 95 пайыздан астамын экспортқа жібереді. Бүгінгі таңда компания өнімдерін Эстония арқылы Еуропа елдеріне жеткізуге кірісті. Бұл еуропалық тапсырыс берушілер алдындағы міндеттемелерді уақытында орындауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Яап Ора кездесуге қуанышты екенін жеткізді. Бұл – Эстония елшісінің Солтүстік аймаққа алғашқы жұмыс сапары. Оның басты мақсаты – өзара тәжірибе алмасу.
ЯАП ОРА, Эстонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
– Біздің сапардың басты себебі – Петропавлда Эстония теңізіне дейін ең қысқа жол бар. Эстонияда әртүрлі жүктерге қызмет көрсететін, икемді және тиімді қызметтері бар заманауи және үлкен кемелерге қызмет көрсететін порттар бар. Ал «Nord Panеls» зауыты Силламяэ портымен жұмыс істейді және өз өнімдерін Еуропаға экспорттайды. Сондай-ақ, СҚО ауылшаруашылық аймағы болса, мысалы, Эстония порттары астықты көп мөлшерде қабылдай алады. Біз Еуропадан Қазақстанға немесе Қазақстаннан Еуропаға Эстония арқылы тасымалдауға болатын басқа да тауарларды табуға тырысамыз.
Эстония Еуропа мен әлемде орта білім бойынша көшбасшы екенін айта кетейік. Сондықтан, жергілікті университеттің жұмысына қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді. Бұдан бөлек, кездесу барысында цифрландыру саласында да ынтымақтастықты кеңейту келешегі талқыланды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, цифрландыру – мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі. Ал Эстония ақпараттық технологияларды цифрландыруды енгізу бойынша Локомотив болып табылады. Сондықтан, біз цифрлық жобаларды іске асыруда тәжірибе алмасуға ерекше қызығушылық танытамыз.
Эстония – солтүстік аймақ үшін саяси әрі экономикалық маңызды әріптестердің бірі. Сондықтан, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Осылайша, өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыс алдағы уақытта жалғаспақ.
Данаш Хамза