Облысымызға жұмыс сапарымен келген Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов пен Сенат депутаттары Петропавл 2-ЖЭО-да болды. Олар стансаның жағдайымен және энергетика саласындағы проблемалармен танысты. Тиісінше, оларды шешу жолдарын талқылады. Ең алдымен “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директорының орынбасары Петр Богданов келген меймандарға жаңадан тұрғызылған мұржаны көрсетті. Оның биіктігі 180 метрді құрайды.
ПЕТР БОГДАНОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директорының орынбасары:
– Мұржаның диаметрі 20 метрден асады. Ал қабырғасының қалыңдығы 2,8 метрді құрайды. Жалпы салмағы 15 мың тоннадан асады. Сыртқы жұмыстардың бәрін аяқтадық. Келесі жылдан бастап техникалық жұмыстармен айналысамыз. Жоба құны 2 млрд теңгені құрайды. Мұржаны тұрғызу 73 күнге созылды. Маңызды іс сапалы жүргізілді деп айта аламын.
Содан соң сенаторлар нысан ішіне аяқ басты. Депутаттар қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Ішіндегі мамандардың қалай жұмыс істейтінін көрді. Түсіндіру барысында Петр Богданов акционерлік қоғамда кадр тапшылығы бар екенін айтты. Бірақ, мәселе өз шешімін табуда. Себебі, биылғы жылы мұнда жұмыс істейтін жандардың жалақысы 30 пайызға өскен.
ПЕТР БОГДАНОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бас директорының орынбасары:
– Мұржаны 2025 жылдың қазан айында іске қосамыз. Одан басқа, қазандықтарды жаңартып жатырмыз. Алдағы уақытқа жоспар көп. 2026 жылы ескірген мұржалардың бірін бұзып, жаңасын салмақпыз. Барлық іс өз қаражатымызға атқарылуда.
Орталықтың конференция залында облысымыздың даму қарқыны талқыланды. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев баян етті. Сенат депутаттары атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Нұрасыл Ахмет