Таза болса табиғат, аман болар адамзат! Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөсіпірімдер кітапханасында жастар арасында диалог-әңгіме өрбіді. Олардың қозғаған тақырыбы – қоршаған ортаның тазалығы жайында болды. Оған жергілікті университеттің “Эколог” мамандығына оқитын студенттер қатысып, дайындап әкелген баяндамаларын оқыды, ұсыныстарын білдірді.
ЗАЛИНА НЫСАНОВА, студент:
– Қарапайым өмірден алатын болсақ, тұрғындардың жерге тастаған қоқыстарын және машиналарлың түтіні сияқты проблемалардың алдын алу үшін зиянды емес құрылыстарды қолға алу қажет деп ойлаймын.
“Таза Қазақстан” акциясы аясында ұйымдастырылған бүгінгі шараға 50-ге жуық ұл-қыз қатысты. Жалпы, осындай жиындар аптасына кемінде 2 рет ұйымдастырылып отырады. Тазалық шараларына да атсалысып жатқан жастар аз емес.
ГҮЛБАҚЫТ БАЙБУСИНОВА, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– Акция сәуір айынан бастап өткізілуде. Әр акциямызға 100-ге жуық белсенді атсалысады.
Тазалық бірінші адамның өзінен басталады. Орта таза болса, адамның дені де сау болады дейді жиынға қатысушылар.