Қоғам

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Азық-түлік қауіпсіздігі – елдегі басты мәселенің бірі. Аққайыңдар өлкесінде бұл бағытта “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы жұмыс жүргізеді. Қарапайым тілмен айтсақ, алдағы кезеңге бірінші қажеттіліктегі өнімдердің қорын қалыптастырады.

ҒАМАЛИ ЖҰМАШЕВ, «Солтүстік» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Біз алдағы кезеңге алдын ала дайындаламыз. Мысалы, 2024 жыл үшін 11,7 мың тонна өнім мен 5,8 млн-ға жуық жұмыртқа дайындалды. Жекелей тоқталсақ, 1400 тонна – картоп, 450 тонна – пияз, 470 тонна – қырыққабат, 477 тонна – сәбіз, 544 тонна ас тұзын және 880 мың литр өсімдік майын сатып алдық. Қаржылық тұрғыда қиындық жоқ. Облыстық әкімдік жылда акционерлік қоғамға жеткілікті көлемде ақша бөледі.

Бірінші қажеттіліктегі өнімдер 19 аталымнан тұрады. Соның 14-ін тұрақтандыру қоры сатып алады. Сатып алады дегенде, басым бөлігін теріскейлік тауар өндірушілер жеткізеді. Тек қант, өсімдік майы, күріш пен тұз өзге аймақтардан импортталады.

ҒАМАЛИ ЖҰМАШЕВ, «Солтүстік» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы көкөніс қоймаларына картоп қабылдап жатыр. Сонымен қатар, бүгін сәбіз пен қырыққабатты кіргізу жұмысы басталады. Олар “Радуга” серіктестігіне қарасты қоймада сақталады. Біз аталған кәсіпорынмен бірнеше жылдан бері жұмыс істейміз.

Қоймаларда сақтаулы тұрған азық-түлік дүкендерге күнделікті жеткізіледі. Бұл тұрғыда қор сауда нүктелерімен белгілі бір келісімге келген.

 

Байболат Құлтанов