Аққайың ауданында қос браконьер қылмыс үстінде ұсталды. Жедел-алдын алу шарасы аясында аумақты аралап жүрген мамандар әуелі орман ішінен мылтық дыбысын естиді, сосын көліктің жарығын көріп қалады. Түнде көруге мүмкіндік беретін құрылғымен қарағанда екі адамның атып алған жануарды жанталасып жүксалғышқа салып жатқанын көреді. Орманнан бері қарай бет алған көліктің алдынан шығады. Ішінде ордабұзар жастағы екеу отырады. Қос аққайыңдық екі бірдей сібір елігін заңсыз атып алған. Сондай-ақ, екеуінен 12-ші калибрлі тегіс ұңғылы мылтық пен пышақ тәркіленді. Мылтық ешқайсысының атына тіркелмеген
МӘДИНА ЕРҒАЛИЕВА, СҚО ПД баспасөз хатшысы:
– Күдіктілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Браконьер» іс-шарасы 20 қазан мен 19 қараша аралығында өтіп жатыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде заңсыз аңшылық фактілерінің, аңшылық және балық аулау қағидалары бұзушылықтарының жолын кесу бойынша шаралар қабылданып жатыр, жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде сәйкесінше 110 және 15 бұзушылық анықталды.
Данаш Хамза