Әке көрген оқ жонар. Мамлют ауданындағы «Новомихайловское – 2003» серіктестігінде әкелі-балалы Помозовтар еңбек етеді. Ұлына үлгі Александр Михайлович береке тұрақтылықта деген ұғымды ұстанады. Осында 20 жылдан астам уақыт бойы адал тер төгіп келе жатқан азамат – механизатор.
АЛЕКСАНДР ПОМОЗОВ, “Новомихайловское – 2003” ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:
– Менің жұмыс орным – егіс даласы. Көктемде де, жазда да, күзде де танап басынан шықпаймыз. Егеміз, өңдейміз, орамыз. Мол нәтижесін көргенде қуанамыз. Адал еңбектің жемісі тәтті. Серіктестік дәнді және майлы дақыл өсірумен айналысады. Біз үшін жұмыстың қиын әрі қобалжулы кезеңі – күз кезі. Өйткені, жайқалып өсіп тұрған астықты жаңбырға бергізбей уақытында жинап алу керек.
Айдос Әбілов – Андреевканың азаматы. Бұл да Мамлют ауданы.
“Асхат агро” серіктестігінің агрономы астық өсірудің бабын біледі. Біліктіліктің нәтижесінде биыл мол өнім алған. Агроқұрылымның 7 мың гектардан астам жері бар. Күзгі ораққа 50-ге жуық жұмысшысы қатысыпты.
АЙДОС ӘБІЛОВ, “Асхат агро” ЖШС агрономы, Мамлют ауданы:
– Менің мамандық таңдауыма әкем әсер етті. Ол кісі өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында бригадир болып жұмыс істеді. Қызметім өзіме ұнайды. Еңбегіңнің нәтижесін көргенде кәсіп таңдағаныңа өкінбейсің. Агроном ретінде тәжірибем аз емес. Салада 2014-тен бері тер төгім келемін. Осы жерге арнайы шақыртумен келдім.
Мамлют ауданында өз ісін сүйген диқандар көп. Оған нәтиже дәлел. Биыл аудан еңбеккерлері 180 мың гектар жерге егін егіп, гектарына 22 центнерден өнім жинаған.
Мәдина Қаби