Петропавлға “Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы” АҚ өкілдері келді. Білікті мамандар облыстық әкімдік қабырғасында жергілікті құрылысшылармен кездесу өткізді, тың жобаларын көпшілікке ұсынды. Толығырақ тоқталсақ, ұйым іскер жандарға кепілдікпен несие береді. Тек мердігерлер тиімді жоба ұсынса болғаны.
АЛТАЙ КҮЗДЕБАЕВ, “Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы” АҚ төрағасы:
– СҚО-да тек бір бағытта жұмыс істейміз. Бірақ, бүгін бірнеше құрылыс компаниясының басшыларымен кездестік. Олар бізге сұрақтарын қойды. Тиісті жауап бердік деп ойлаймын.
“Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы” АҚ 2016 жылдан бері 243 құрылыс компаниясына кепілдікке несие берген. Олардың жалпы құны – 1 трлн 159 млрд теңге. Әрине, аталған ұйымның өңірімізге келуі – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бұл бастама арқылы теріскейде небір әсем ғимараттар бой көтереді.
ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Жыл соңына дейін облыс орталығында 15 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталмақ. Нысандардың 5-еуі бюджеттік қаражатқа, қалғаны жеке инвестициялық ақшаға салынуда. Қазіргі таңда өңірімізде 20 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Оның 5 мыңы соңғы 3 жылда қосылды. Шаһарда 2 жыл ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында 1000 пәтер қолданысқа берілген. Үйлердің 1 шаршы метрі 360 мың теңгені құрайды. Бұл халық үшін тиімді деп ойлаймын.
Маңызды шараға 30-дан астам маман қатысты. Олардың көбісі “Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы” АҚ облысымызға келуі, саланың дамуына зор септігін тигізеді деп санайды.
Мәдина Қаби