Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні! Табиғат пен жануарлар дүниесін қорғау, сақтау және молайту – мына жандардың міндеті. Тегеурінді техникасыз олардың жұмысын елестете алмаймыз. Дәстүрге айналған мерекелік шара алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аудандық мамандарға қызметтік көліктердің кілтін табыс етті.
Преснов орман шаруашылығының директоры Сейітжан Күрлеуітов су жаңа темір тұлпар кілті табысталғанына дән риза.
СЕЙІТЖАН КҮРЛЕУІТОВ, Преснов орман шаруашылығының директоры, Жамбыл ауданы:
– Автотұрағымыз толған сайын жұмысымыз да жеңілдей түседі. Салаға көп көңіл бөлінуде. Былтыр жалақымыз 100 пайызға өскен болатын. Кадр жетіспеушілігі жоқ.
Орманшылардың иығына артылған жауапкершілік жүгі өте ауыр. Олар баға жетпес байлық саналатын жасыл желекті жыл бойы көздің қарашығындай сақтайды. Сайын даланы кезетін тіршілік иелеріне жем-азық дайындайды. Мамандарды кәсіби мерекемен аймақ басшысы атынан бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Мемлекет басшысы 5 жылдың ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған болатын. СҚО облысы 122 млн көшет егуі тиіс. Биыл жоспардың 40 пайызын жүзеге асырдық. Мұның барлығы орман шаруашылығы қызметкерлерінің арқасы. Жасыл желекті қысы-жазы қорғап, қорын ұлғайту оңай жұмыс емес. Сіздерге әрдайым қолдау көрсетеміз. Құрметті қауым, мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Мерекеде бір топ маман қошеметке бөленді. Оларға түрлі дәрежедегі дипломдар табысталды.
Аққозы Тортулов Сергеев орман шаруашылығында орманшы-инспектор болып қызмет атқарады. Азаматқа “Адал еңбегі, орман қорын сақтау және қорғауды қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” облыс әкімі атынан “Алғыс хат” табысталды.
АҚҚОЗЫ ТОРТУЛОВ, Сергеев орман шаруашылығының орманшы-инспекторы, Шал ақын ауданы:
– 1991 жылдан бері орманшы болып қызмет атқарамын. Жұмысым оңай емес. Өзіндік қиындықтары бар. Бүгін марапатқа ие болдым. Еңбегім еленіп жатқанына қуаныштымын.
Іс-шарада 50-ден астам сала маманы марапатталды. Айта кету керек, облысымызда барлығы 12 орман шаруашылығы бар. Биыл өлкеде орман өрті тіркелмеген.
Нұрасыл Ахмет