Музыка майталмандарының басын қосқан шара! Атақты жерлесіміз, ҚР Еңбек қайраткері, Қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері Дәурен Ғылымов 50 жасқа толды. Осыған орай облыс орталығында “Классика жауһарлары” атты концерт ұйымдастырылды.
ДӘУРЕН ҒЫЛЫМОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Тайынша ауданы Амандық ауылының тумасымын. Өмірімді өнер жолына арнадым. Келесі мерейтойлық концертім Өскемен қаласында өтпек.
Дәурен Ғылымов – Қазақстандағы білікті дирижердің бірі. Ол бір емес, бірнеше адамнан тұратын оркестірді басқарады. Әр нотаны тыңдырманның жүрегіне жеткізу – осы адамның міндеті. Яғни, шығарманың сәтті орындалуына себепші сахна саңлағы десек болады.
ДӘУРЕН ҒЫЛЫМОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
– Әрине, таяқшамен түгел оркестрді өзіңе қарату оңай шаруа емес. Көп дайындалу керек. Нотаны түсініп, жан-тәніңмен ұғыну қажет.
Мерейтойлық концертке көрші елдерден және Қазақстанның облыстарынан ат терлетіп 6 дирижер келді. Кеш барысында белгілі мамандардың нұсқауымен қазақтың рухты күйлері шертілді, әлемдік симфониялық музыкалар шырқалды. Шарада қырғызстандық музыка майталманы Бактыбек Тилегенов те өнер көрсетті.
БАҚТИБЕК ТИЛЕГЕНОВ, Қырғызстан Республикасының халық әртісі:
– Сіздердің оркестрде өз ісінің шеберлері еңбек етеді екен. Басқа облыстарда концертке 15 күндей дайындалсақ, бүгінгі шараға 2-ақ күнде дайын болдық.
Концерт тыңдарманды тебірентті, рухтандырды, қиял аспанында самғатты. Бір сөзбен айтсақ, түрлі эмоцияға бөледі. Тыңдаушы қауым әртістердің өнеріне риза болып, қошеметті аямады. Құшақ-құшақ гүл шоқтары сахнаға қарай бағыт алды.
Нұрасыл Ахмет