10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні. Айтулы датаға орай облыс орталығында «Digital Day – 2024» форумы өтті. Қазіргі таңда IT-саласы өкілдерінсіз өмірімізді елестете алмаймыз. Мүмкін еместі мүмкін еткен жандарды облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов мерекемен құттықтап, саланың нарықтағы рөліне тоқталды.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Өңірімізде IT-саласы жақсы дамып келеді. Мамандар үшін біз қолайлы жағдай жасаудамыз. Облыста дарынды жандар жетерлік. Олар бізге жаңа жобаларын ұсынса болғаны. Өз тарапымыздан қаржылай көмек көрсетеміз. Аталған сала болашаққа жол ашады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің қыркүйектегі Жолдауында да айтты. Мереке құтты болсын!
Форум барысында саладағы бірнеше өзекті мәселе қаралды. Білікті мамандардың пікірінше, цифрлық бағытқа жастарды көптеп тарту керек.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА, “Astana Hub” өңірлік филиалының менеджері:
– Бүгін мамандарға IT-компаниялары ұсынған жобаларды таныстыратын боламыз. Қаламызды цифрландырғымыз келеді. Ауыл-аймақтарды да ұмыт қалдырмаймыз. Айта кетейін, қазіргі таңда жергілікті университетке ақпараттық технологиялар мамандығына оқуға түсіп жатқан жастар көп. Олар диплом алғасын бізге келсе, серіктес компанияларға жұмысқа тұруға көмектесеміз.
Жиында 2 күнге созылған облыстық хакатон сайысының қорытындысы да жарияланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметке бөленді. Конкурс түрлі жастағы 20-ға жуық қатысушының басын қосты. Бас жүлдеге Иван Пуховтың жобасы лайық деп танылған. Ол бағалы сыйлықтармен марапатталды.
ИВАН ПУХОВ, облыстық хакатон сайысының жеңімпазы:
– Мен ойлап тапқан қосымшада қаламыздағы барлық мекеме бар. Яғни, тұрғындар жобам арқылы әр нысан жайлы ақпарат алады. Өзім М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжді бітірдім. Былтырғы сайыста да жеңімпаз атандым. Алда тағы қызықты дүниелерді ойлап табамын деп ойлаймын.
Шара соңында форум қатысушылары естелік суретке түсті.
Нұрасыл Ахмет