Әдістемелік вернисаж! Бүгін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өңір ұстаздарының басы қосылған семинар өтті. Алқалы жиын ұл-қыздарға қосымша білім беретін мұғалімдерге арналып отыр. Яғни, Петропавлда сәндік-қолданбалы өнер, музыка, домбыра, би сияқты үйірмелерге жетекшілік ететін жандардың бас қосылды. Олардың жалпы саны 100-ге жуықтайды. 20-дан астамы – педагог-зерттеуші. Білікті мамандар әріптестеріне шеберлік сабағын өткізді, туындыларымен таныстырды. Дәстүрлі семинар мамандықтың қыр-сырын жақынырақ тануға жол ашпақ. Бұл түптің-түбінде ұстаздардан тәлім алатын балаларға оң әсерін тигізеді.
САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
– Семинардың басты мақсаты – педагогтардың өзара тәжірибе алмасуы және қосымша білім беру бағытында жаңа жобаларды өмірге әкелу, соны тәжірибеде қолдану. Педагог-зерттеуші санатындағы мұғалімдер ғана шеберлік сабағын өткізе алады. Ал қалғандары білімдерін тереңдетеді.
Мәдина Қаби