Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдерінің журналистер алдындағы есептік кездесуі басталды. Ең алдымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Айыртау ауданының басшысы Мейрам Меңдібаев төбе көрсетті. Өзіміз жақсы білетіндей, атқамінер келіп отырған жердің топырағы құнарлы. Мұндағы диқандар жылда көл-көсір астық жинайды.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– В этом году собрано 530 тыс тонн зерновых культур с урожайностью 18,5 ц/га и 49,4 тыс тонн масличных культур с урожайностью 9,4 ц/га. Зяблевая обработка выполнена согласно плану на 100%.
Айыртау десе тұмса табиғат бірден еске түседі. Суы мөлдір Шалқар мен Имантау, Шоқаның табаны тиген Сырымбет және асауға алғаш ауыздық салынған Ботай. Бұлардың барлығы қасиетті мекенде орналасқан. Қазір жергілікті билік туризм саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Мақсат – келушілерді арттырып, қазынаны толтыру.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Соңғы 3 жылда туристердің келуі 2 есеге артты. 2024 жылы туристердің саны 100 мыңнан астам болды. Қазіргі уақытта ауданда тәулігіне 4000 турист қабылдай алатын 46 туристік нысан жұмыс істейді.
Көпшілік жақсы білетіндей, Мейрам Меңдібаев осыдан бірнеше ай бұрын ғана Айыртау ауданының әкімі болып тағайындалды. Шенеунік халықпен тілдесу, өзекті мәселелермен танысу үшін ауылдарды аралап шыққан. Сонда бірсыпыра проблеманы қойын дәптеріне түртіп алған. Мысалы, Лавровка ауылының көшелері жөні жарықтандырылмаған.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Ауданда 76 ауыл бар. Соның барлығында осындай мәселе туындап тұр. Келесі жылы мәселені шешеміз.
Бұл – айыртаулық белсенді түсірген видео. Азаматшаның Саумалкөл-Светлое бағытында жөнделіп жатқан жолға көңілі толмайды. Мейрам Меңдібаев мәселеден хабардар. Аудан басшысы араға ұзақ жылдар салып қайта қалпына келтірілген жолға жіті бақылау жүргізілетінін жеткізді.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігер жұмыс жүргізіп жатыр. Сапа туралы әлі айта алмаймыз. Біз қабылдағанда бәрін тексереміз.
Саумалкөлде біраздан бері іске қосылмай тұрған орталық қазандық бар. Ол келесі жылы жұмысын бастайды. Сонымен қатар, аудан орталығында қаңырап бос тұрған көпқабатты үйлердің бірі жөнделеді.
Байболат Құлтанов