Бүгін БАҚ өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаевпен де тілдесті. Атқамінердің баяндамасы бірнеше беттен тұрды. Жол жөндеу жайына тоқталайық, ағымдағы жылы маңызды бағытқа 3 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген. Нәтижесінде тиісті учаскелер әжептәуір өзгеріпті.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, бүгінгі күні Көкшетау-Кішкенекөл бағытында жол жөнделіп жатыр. Бұдан бөлек те жобалар бар.
Ақжарлықтарды спортқа тарту бағытында да біраз жұмыс жүргізілген. Қазіргі таңда мұндағы ауылдарда дене шынықтыруға арналған 100-ден астам нысан бар. Оларды күтіп ұстау – жергілікті биліктің күн тәртібіндегі мәселе.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Ауданымызда спортпен айналысатын 6 325 адам бар. 104 спортпен шұғылданатын ғимарат тізімге енді.
Баяндама оқылғасын кезек сұрақ-жауапқа келді. Бүгінде Ақжардың Горьковское ауылында шекара заставасы салынып жатыр. Құрылыстың басталғанына 3 жылға таяды. Жұмыстың сағызша созылуына қатысты Рүстем Елубаев мынандай пікір білдірді.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Ақжар ауданының әкімі:
– Бүгінгі күні 80 пайызы аяқталып қалды. Қазір тамақ ішетін, жататын, оқу-жаттығу жұмысын жүргізетін орындар салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп үміттеніп отырмыз.
Жұмыс жеткілікті. Брифинг соңында аудан әкімі Рүстем Елубаев жоспарланған жобалардың барлығы сәтті орындалатынына сенім білдірді.
Мәдина Қаби